М. Әшімбаев: Қасиетті кітаптарды өртеу – вандализм

Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау, халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының ХХІ-ші отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Сондай-ақ, ол халықаралық шиеленістің өршу жағдайында жаһандық диалог пен сенімді нығайтатын жаңа әдістер табудың өмірлік маңызы бар екендігін айтты. Форум осы уақыт ішінде жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогтың маңызды платформасына айналды. Өткен жиырма жылда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның дін-аралық осы бастамаларына үлкен қолдау көрсетті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-  Қазіргі әлемдегі проблемалардың басым бөлігіне адамгершілік дағдарыс негіз болып отырғаны айқын. Материалдық игілік, табиғат пен қоршаған адамдарға тұтынушылық қарым-қатынас ізіне түсу, адамгершілік басымдықтарының құлдырауы адамзат қоғамына теріс ықпалын тигізеді. Мұндай жағдайда іргелі және адамгершілік құндылықтарының қорғаушысы ретіндегі әлемдік және дәстүрлі діндердің рөлі зор маңызға ие.