Қарағанды облысындағы Ахмет ауылы карантинге жабылды
Қарағанды облысының Ахмет ауылында үй құстары арасында Ньюкасл ауруы өршіп, елді мекенде карантин жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осы себепті тауық еті мен жұмыртқасын пайдалану мен сатуға шектеу қойылды. Ауыл ішінде қазан айынан бері 220-дан астам тауық қырылып қалды. Құс өлекселері мал қорымына тасталды. Мамандардың айтуынша, оларға өтемақы төленбейді. Тек сауықтыру жұмыстары ғана бюджеттен өтеледі. Ауыл аумағында тіркелген 16 мың құс вакциналаудан өтеді. Карантин зарарсыздандыру шаралары аяқталған соң 30 күннен кейін алынады.
Ержан Бекетбаев, ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау комитеті облыстық инспекция жетекшісі:
- Бүгінгі күні өлім-жітімнің тіркелуі тоқтады. Соңғы өлім 2 қазанда тіркелген. Бұл жабайы құстардан жұғады. Ньюкасл ауыруы – вирустық ауру. Адам денсаулығына зияны жоқ. Бұл құстардың арасында өте жіті өтуі мүмкін. Сондықтан өлім-жітімге көп ұшырайды.