Мәжілісте бірқатар мәселе қозғалды
Халықтың әлеуметтік ахуалы депутаттардың назарында.
Әсіресе солтүстік өңірлерге көшіп барған халықтың тұрақтап қалмайтыны алаңдатады.
Ішкі көшті былай қойғанда, соңғы 30 жылда қандастарға берілетін квота көлемі 100 есе төмендеп кеткен. Ал құзырлы министрліктің әрекеті қандай?
Көші-қон ережесі өзгереді
Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, Солтүстік өңірлерге жұмыс күшін тарту жобасына бюджеттен 450 млрд теңге бөлінген. Бір қарағанда, Теріскейге бет алған халық қарасы қалың сияқты. Алайда аймаққа сіңісе қойғаны аз.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы бағдарламаға қанша қаржы жұмсалды және тиімділігі қандай? Солтүстік аймақтарға қанша отбасы тұрақтап қалды. олардың жағдайы қандай? Бағдарлама өзін ақтады ма? Аудит жүргізу ойыңызда бар ма?
Құзырлы министр Светлана Жақыпованы да қалыптасқан жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді. Ол көшіп келуге ниетті отбасыларды қолдау тетігін өзгерту қажеттігін айтты. Қазір министрлік тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Негізі сіз көтеріп отырған мәселе министрліктің назарында. Зерттеу жасағанда біз де таңғалдық. Айтып отырған солтүстік өңірлерде 48 мың жанұя тұрып жатыр. Олардың бірге келіп кеткен азаматтардың санын қарасақ, 7900 жанұя көшіп кеткен қайта. Бизнес процестерін сараптап, жаңа бағыт шығарып отырмыз. Бірінші әр келген отбасына келгенше дейін сүйемелдеу, жеке көмекші беру. Ол отбасының әлеуметтік жағдайын біліп отырады.
Медицина ұйымдарының қарызы көп
Әлбетте, қай жерде тұрсаң да, жайлы баспана, лайықты білім мен сапалы медицинаның жөні бөлек. Медицина демекші, елдегі емдеу мекемелерінің 82 млрд теңгеден астам қарызы бар. 411 ұйым берешегін бұрыннан өтей алмай келеді. Депутат Гүлдара Нұрымова жүйелі шараның қолға алынбағанын сынға алды.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жүйелі шаралар әлі де қолға алынбағанын байқап отырмыз. Ауруханалардың несиелік қарыздары өсіп жатыр. Стационарлар қажетті ақшаны ала алмай отыр. Тариф пен шынайы шығындар арасы тым алшақ. Әрі қарай не болады? Бұл жерде менеджменттің әлсіздігін алға тартудың қисыны жоқ.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Созылмалы кредиторлық берешек бар. Өзіңіз айтып кеткендей, 11 млрд бүгін. Жылдың басынан бастап, азайып келеді. Осы барлық қаржылық мәселені жақсарту үшін республткалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді, әлі де қарастырылып жатыр. Осы кеше 14 млрд теңге қаражат бөлінді, МӘМС активінен 60 млрд теңге қаралды. Жылдың аяғына дейін әсіресе шұғыл медициналық көмекке қосымша қаражат бөлінетін болады.
Оқушыларды тегін тамақпен қамту жайы
Министр тарифті көтеру де кезең-кезеңмен жүріп жатқанын айтады. Ал депутат Жұлдыз Сүлейменованы бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақтың сапасы алаңдатады. Тіпті кей мектептерде асхана жоқ екен.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 303 мектепке буфеттік тамақтану ұйымдастырылыпты. 288 мектепке бейімделген асханадан, қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізіліп отыр. Қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін мектептегі тамақтану сапасын кім қадағалайды және ТЖ орын алса, кім жауап береді?
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Асханасы жоқ мектептерге байланысты негізгі біздің мәліметіміз бойынша, аймақтардың беріп отырған, 591 мектепте асхана жоқ. Асханалардың барлығының ыстық тамақпен қамту бағытында буфеттік және кейтеринг бағытында тамақтар ұйымдастырылып жатыр. Ол – ДСМ бұйрығына енгізілген бұл нормалар. Бірлесіп жұмыстар атқарғанбыз.
Асханасы жоқ мектептерде оқушы саны да аз, - дейді министр. Дегенмен жапсарлас ғимарат салу үшін өңірлерде тиісті жол картасы әзірленіп жатыр.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурызбай Құрманғазы.