Агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселесі өзекті
Сыбайлай жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ауыл шаруашылығы саласындағы парақорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, біраз былықтың бетін ашты.
Мәселен, 2021-2022 жылдары субсидиялау бағытында 130 қылмыстық іс тергеліп, 96 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында түрлі деңгейдегі 18 басшы бар. Бұл жөнінде бүгін ведомстваның азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін қараған жедел кеңесте айтылды. Жиында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу, астық қоймаларын ұстау жайы қаралды. Агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің сөзінше, бүгінде агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып қала береді. Сондықан ауыл шаруашылығы саласы көптеген өңірлердегі жемқорлық тәуекелдерінің картасына кіріп отыр.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Президент субсидиялар мен ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу кезінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Біздің тарапымыздан саланы дамытуға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қадағалау қажет. Сондықтан әсіресе азық-түлік базалары, астық және элеваторлар орналасқан өңірлерге назар аударуларыңызды сұраймын.