Балқаштағы орталық ауруханаға 25 аппарат алынды

Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға 25 жаңа аппарат алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2025 жылға дейін тағы бірнеше медициналық жабдық жеткізіледі. Енді тұрғындар шалғайдағы облыс орталығына бармай-ақ жергілікті жерде сапалы ем қабылдайтын болды. Жабдықтау жұмыстары «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүзеге асып отыр.  

Медицинада «алтын уақыт» деген ұғым бар. Жарақат алған сәттен бастап 60 минут ішінде ем қолданып үлгеру керек. Ол үшін дұрыс диагноз қойылуы аса маңызды. Мына әмбебап жәшік сол жұмысты мінсіз атқарады.

Дәурен Қуатов, дәрігер:

- Цифрлық аппарат бізге 30 минуттың ішінде бүкіл анализдерін талқылауға және ол кісінің жалпы жағдайын тексеруге үлкен мүмкіндік береді. Бұл аппараттың бізге қолайлысы, сақталған деректерді біз флешка арқылы жіберсек болады және ZOOM электронды желісі арқылы біз онлайн конференцияға шығып, консилиум жасауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. 

Ауруханада ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінген. Жаңадан жеткізілген аппараттың басым бөлігі перзентханаға орнатылды. Енді соның көмегімен шала туған шақалақтар тез ширап, қатарға қосылады.   

Жанерке Ибрахим, қала тұрғыны:

- Менің балам 2 құрал-жабдықта жатты. Біреуі жабық, қазіргісі ашық. Жабықта ол бала дем ала алмағаннан жатты. Ол баланың дамуына көмектесетін құрал болды. Соның арқасында балам ширап, ашық құрал-жабдықта вакуумда жатыр қазір. Өзі демалады, жаңа аппараттың арқасында өзі демалып, ширай бастады. Қазір, Аллаға шүкір, қолыма алып ұстай аламын. 

Биыл Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға 25 заманауи қондырғы жеткізілді. Енді «басы ауырып, балтыры сыздаған» жұрт 400 шақырым жердегі облыс орталығына сабылмайды, жергілікті жерде ем қабылдай алады. Ал 2025 жылға дейін тағы 2 миллиард 500 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдық алу жоспарда.

Серікбол Түсіпбеков, орталық аурухананың директоры:

- Бірнеше УЗИ аппарат эксперттік кластағы, сонымен қатар ФГДС аппараттары, колоноскопия аппараты, бронхоскоп аппараты және шала туған балаларға арналған жасанды тыныс алу аппараты 3 данасы келді, сонымен қатар шала туған балаларды бірінші сағаттарда жағдайын жақсарту үшін Т-система деген бар, соның 5 данасы келді.  

Келесі жылы мұнда компьютерлік томография, ангиограф, МРТ аппараты алынады. Ең бастысы, жаңа қондырғылармен жұмыс істейтін мамандар жеткілікті. 150 дәрігер бар. Балқаш – өндірісі дамыған, тоғыз жолдың торабында орналасқан әрі маңайында шағын елді-мекен көп шаһар. Қаншама құрал-жабдықты дәл осы ауруханаға бөлудің де маңызы осында. Қазір емханаға 50 мың адам тіркелген. Ал аурухана осы өңірде тұратын 150 мың халыққа қызмет көрсетеді. Қазір ескірген ғимаратқа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.