Ақмола облысында тұрғындар жол азабын тартып отыр
Атбасар мен Сочинское аралығындағы тасжолдың ескіргені сонша, үш ауылдың тұрғындары қалаға қатынай алмай отыр.
Облыстық маңызға ие күрежол жөндеу көрмеген. Әсіресе Новомарин мен Сочинское ауылдарының аралығындағы 54 шақырым шұрық-тесік. Жолдың нашарлығынан жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін сыртқа шығара алмай әлек.
Сочинское ауылы аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан. Жеті жүзге жуық тұрғыны бар елдімекеннің әлеуметтік жағдайы жаман емес. Жарық бар, су мен жылу үйге кіріп тұр. «Ең басты проблемамыз - жол қатынасының қиындығы», - дейді тұрғындар.
Олег Ерёменко, Сочинское ауылының тұрғыны:
- Жол өте нашар. Қиыршық тастар көп. Жауын-шашын күндері мүлдем жүре алмаймыз. Айтып, жазып жатырмыз. Нәтиже жоқ.
Үш ауылдың тұрғындары амал жол, осы жолмен қатынайды. Себебі, аудан мен қаланы апаратын жалғыз жол осы.
Магомед Рабуев, көлік жүргізуші:
- Көлігімнің дөңгелегін екі ай сайын ауысытырамын. Мына жолда жүру мүмкін емес. Ауыр жүр көліктері өткенде мүлдем қорқынышты. Алдында дөңгелегім жарылып, жол апатына түсуге шақ қалдым.
Ал жауапты басқарма басшысы шұрық-тесік жолды жөндеу бірнеше жылға созылатынын айтады. Қыруар қаржы керек. Сондықтан кезең-кезеңімен жаңғырту көзделген.
Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысы:
- Яғни қазір Сочинское ауылынан Новомариновкаға дейінгі жолдың жобасы қарастырылып жатыр. Егер жоба мақұлданып, тиісті қаражат бөлінсе, келесі жылы жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Бірақ бұл жерде жолдың ауқымын ескеру керек. Жалпы жолдың ұзындығы 97 шақырым. Оны толығымен жөндеуге ең аз дегенде 10 миллиардқа жуық қаржы қажет. Сол себепті бірнеше жылға бөліп жөндейміз деп отырмыз.
Жалпы облыс бойынша жөндеуді қажет ететін бірнеше жол бар. Сала мамандары ол жолдарды жыл санап жаңартып жатқанын айтады. Мәселен, биыл өңірде мың шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр. Оған республикалық және облыстық қазынадан 73 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка