Құтқарушыларымыз Ауғанстаннан елге оралды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ауғанстанға жөнелтілген қазақстандық құтқарушылар елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 күн ішінде отандық мамандар Герат провинциясындағы зілзала салдарын жоюға көмектесті. 7 қазанда Ауғанстанда болған жер сілкінісінен 2,5 мыңнан астам адам қаза тауып, шамамен 20 мың адам баспанасыз қалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Герат провинциясына 10 қазанда жетті. Топ құрамына Республикалық шұғыл құтқару жасағының 37 қызметкері кірді. Оның ішінде кинологтар мен дәрігерлер де бар. Барлығы – биыл ақпан айында Түркиядағы зілзала салдарын жоюға қатысқан тәжірибелі мамандар. Алайда бұл Ауғанстандағы жағдай оңай болды деуге келмейді. Ең көп зардап шеккен аудан – Зинда-Джан. Шамамен 30 ауыл үйінді астында қалды. БҰҰ дерегі бойынша қайтыс болғандардың 90-нан астам пайызы – әйелдер мен балалар. Бірнеше жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жер сілкінісінің магнитудасы 6,3 балға жеткен.

Владимир Цой, Республикалық жедел құтқару жасағының жетекшісі:

- Түркияда жұмыс істегенімізде көп үйінді бетон болатын. Адамдардың тірі қалу мүмкіндігі аз да болса бар еді. Бұл жердегі нысандардың барлығы дерлік саманнан тұрғызылған. Қираған кезде өліп кету тәуекелі жоғары, өйткені топырақ астында қалған адам тыныс ала алмайды.

Наи-Брофи ауылында қазақстандық құтқарушылар қираған 211 тұрғын үйді жалаң қолмен шолып шықты. Өйткені арнайы техникамен жұмыс істеу қиынға соқты. Саман кірпіштер үгіліп, нығыздалып қалған. Осындай үйінділердің астынан шамамен 5-6 жастағы ер баланың мәйіті табылды.

Наи-Брофиден 10 шақырым жерде орналасқан Сияхан ауылы да жермен-жексен болыпты. Мамандар бұл жерді де айналып өтпеді.

Дмитрий Денисов, бас құтқарушы-кинолог:

- Мұнда біз тірі жан қалмағанын растап отырдық. Жанын сақтап қалғандарды іздеп жүрдік. Таппаған жағдайда басқа нүктелердегі жұмысымызды жалғастыра бердік. Жануарлар өлексесі де көп болды.  

Құтқарушылардың негізгі мақсаты аман қалғандарға медициналық көмек көрсету болғандықтан, біздің медициналық қызметкерлердің көмегіне Наи-Брофидің шамамен 80 тұрғыны жүгінді. Барлығы қатты күйзеліске тап болған. Балалар арасында жарақат алғандар көп. Ауғанстандағы түннің суықтығы да жығылғанға жұдырық болды. Көбі тұмауратып қалды.

Жолдыбай Қазыбақов, Апаттар медицинасы орталығының Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы:

- Тыныс алу аурулары, күйзеліс пен жарақат. Әйелдер мен балаларға, ерлер мен қарияларға көмек көрсетілді. Біздің топ құрамында 2 хирург бар. Аймақтың ерекшелігін ескеріп, бригадаға сондай-ақ әйел-терапевт пен әйел-фельдшерді қостық.

Қазақстандықтармен бірге ирандық, түркиялық және түрікменстандық мамандар жұмыс істеді. Зардап шеккендерге тағы БҰҰ агенттіктері, ирандық Қызыл Ай өкілдігі және түрлі исламдық қорлар жәрдем берді.

Шейх Нурахмат Исламджар, Герат провинциясының губернаторы:

- Бірінші кезекте Қазақстан халқына және Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысымыз шексіз. Қиын сәтте бізбен бірге болдыңыздар. Қазір үйсіз қалған адамдардың қыстан аман шыққанын тілеп отырмыз. Оларға уақытша баспана салып беруге тырысамыз. Сондықтан бізге кез келген көмек ауадай қажет.

Герат провинциясының тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен төсеніш көрпе керек. Бұл – қажетті гуманитарлық көмектің бір ғана бөлігі. Қазақстан – оңтүстіктегі көршісін іс жүзінде қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мирлан Алтынбек, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев.