Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы өмірден өтті
Ұзаққа созылған ауыр науқастан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті.
Ол 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.
Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген.
1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор.
1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші.
1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры.
1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.
2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.
Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражай директоры.
Алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді.
«Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме» («Серебряный сундучок»), «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжін» дастандарын тәржімалап, «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан.
Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.
«Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған Республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы 2001 жылы Республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.
«Бәйтерек» (2003), «Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Ерлікке ескерткіш» (2008), «Сардар» (2008), «Құланойнақ» (2009), «Арқатірек» (2010), «Наурызбай» (2011), «Ту» (2012), «Сарайымнан шыққан сөз» (2014), «Дариға, дәурен» (2018), т.б. кітаптары жарық көрді.
Н.Айтұлы – ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосқан ақын. Оның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен», «Қазақтай ел қайда» секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы әніне айналған.
Несіпбек Айтұлының қазасына байланысты оның туған-туыстарына, әріптесіміз Назым Стамбековаға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтасыз!