Мектептегі оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптейтін пән енгізу керек
Бұл туралы Сенат қабырғасында өткен «Ұлттық мүдде» диалог алаңында айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп берген еді. Мемлекет басшысы тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне баса мән берді. Тапсырмаға сәйкес, Сенат ашаршылық тақырыбында архив құжаттарын жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Сондай-ақ, отырыста ұлттық құндылықтарды дәріптеуде цифрлық коммуникацияны және басқа да форматтарды қолдану жөнінде идеялар айтылды. Палата спикері ұсыныстар Сенат жұмысында ескерілетінін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және дәріптеуге үлкен мән беріп келеді. Біздің ұлттық құндылықтарымыз ең алдымен тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтіні анық. Сондықтан, біз бірегейлігімізді сақтауда осыларға басымдық беруіміз керек. Дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де осыған үндеген.
Қанат Айтбаев, «Димаш Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі:
- Ұлттық құндылықтар жөнінде жеке пән енгізілуі керек деп есептеймін. Өйткені, қарап отырсақ, біздің дәстүрлі ұрпақтың санасына сіңуі керек қазақтың болмысын қалыптастыратын дүниелердің барлығы, жинақтап келсек, кәдімгі мектептің бағдарламасында бүтіндей жеке пән болып аптасына екі рет оқытылатындай, таза кітап болып жазылатындай дүние.