Елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді
Соңғы төрт жарым жылда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды.
Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Осындай көңіл көншітпейтін статистикалық деректі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында айтты. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты жан-жақты ұсыныстар көтерілді.
Елде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Енді отбасы мүшелеріне күш көрсетіп, денсаулыққа орташа және ауыр жарақат келтіргендер 6 жылға дейін сотталады. Яғни, жазалау мерзімі екі есеге ұлғайды. Сондай-ақ, әкімшілік шара ретінде кемінде 5 тәулікке қамалады. Оқиға қайталанса, бұл мерзім 25 тәулікке дейін артады.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Татуласу рәсімі күшейтілді. Енді тек бір рет татуласуға болады, және тек сотта. Бұрын, жәбірленушінің арызы болмайынша, тұрмыстық жаңжалшыны жауапқа тартуға негіз жоқ еді. Осы себепті өтініштердің 60%-ы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмайтын. Жаңа түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік істі бастауға мүмкіндік берді. Бүгінде 92% жағдайда іс қозғалады.
Статистика отбасындағы жанжалдардың 80%-ы ішімдіктің кесірінен болатынын көрсетіп отыр. Алайда бұзақыларды оқшаулау орындары жетіспейді. Елде бар болғаны 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының барлығы облыс орталықтарында және Республикалық маңызы бар қалаларда ғана орналасқан. Бұл проблема ең өзекті болып табылатын моноқалаларда мүлдем жоқ. Аталған айықтырғыш ұйымдар күннің бірінші жартысында-ақ адамға лық толады. Жалпы, еліміз бойынша тағы 582 төсек-орынға осындай 31 мекеме қажет.
Өңірлерде Отбасын қолдауға арналған 68 орталық ашылған. Бұл мекемелер психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар, отбасы институтын нығайтуға жан-жақты көмек көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алайда, аймақтардағы мұндай орталықтарының қызметі біркелкі емес, - деді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Келесі жылдан бастап Отбасын қолдау орталықтарының барлығында бірыңғай жұмыс тәсілдері енгізіледі. Екіншіден. Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау.Мәдениет және ақпарат министрлігі гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда. Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыстардың деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту.
Таяуда Астана мен Шымкент қалаларында Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорымен бірлескен пилоттық жобасы басталды. Онда неке қиюға ниетті жұпқа отбасылық бюджетті жоспарлаудан бастап, репродуктивті денсаулық, психология бойынша тегін кеңес беріледі. Осы тәжірибені барлық өңірде іске асыру жоспарда бар.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез-келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуы тиіс. Зардап шеккенндерді, әсіресе, балаларды мұндай проблемалармен бетпе-бет қалдыруға болмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл ретте жедел желі мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет.
Кейінгі үш айдың өзінде отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсеткендер саны 4 есе артты: 27 мың адам жазаланды. Үшінші тоқсанда 6 мыңнан аса қаскөй қамуға алынды. Осы орайда құқық қорғаушылар қоғамда отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарау әдеті едәуір азайып келе жатқанын атап өтті.