Елімізде жол жөндеуге ₸7 трлн бөлінеді

Қазақстандағы жолдарды салу мен жаңғыртуға алдағы 3 жылда 7 триллион теңге қажет.

Қаражат қолданыстағы жолдарды күтіп ұстауға және әлеуетті жобаларды іске асыруға жұмсалады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.

Жоспарға сай орталық, шығыс және оңтүстік өңірлердің аумақтық байланысын қамтамасыз ету үшін Қызылорда-Ақтөбе, Жезқазған-Қарағанды аралығындағы жол учаскелері жаңартылмақ. Жобалардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайды. Биыл жыл аяғына дейін 856 шақырым автожол пайдалануға берілмек.

Рафхат Бүркітбаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Инвестициялық жобаларды дайындау басқармасының жетекшісі:

-  Транзиттік жолдарды алға қойып отырмыз. Бұл дегеніміз Ақтөбеден Қызылордаға дейін, Жезқазған мен Қарағандының ортасы, сонымен қатар Атырау мен Оралдың арасындағы жолға қатысты шағымдар түсіп жатыр. Жол жүру қарқыны ұлғайып жатыр. Сол сияқты 7 триллион дегеніміз – бұл жөндеу емес, жолдарды дамытуға арналған қаражат. Бүгінгі күннің орташа бағамымен алынған сома деп айтуға болады.