Қазақстанда XI Азаматтық форум өтті
Қоғам белсенділері мен билік арасындағы серіктестік.
Елордада өткен XI Қазақстанның Азаматтық форумы осы тақырыпқа негізделді. Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңес мүшелері жиналды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам делегат қатысты. Жалпы ел аумағында 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді.
Биылғы форум тақырыбы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін - азаматтық қоғам дамуының басты бағыты». Іс-шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы бастады. Ерлан Қошанов қатысушыларға президенттің үндеуін жеткізді. Ол қоғамдық ұйым өкілдерінің рөлі мен маңыздылығына ерекше тоқталды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Бұл Президенттің сөзі. Сіздердің ел арасындағы, қоғам алдындағы ықпалдарыңызбен қоса жауапкершіліктеріңіз де өте жоғары екенін естеріңізге салғым келеді тағы. Біздегі азаматтық қоғам өкілдері жікке бөлуші емес, мемлекетті, ұлтты жұмылдырушы, біріктіруші күшке айналуы керек.
Қазір Мәжілісте Қоғамдық палата жұмыс істейді. Заң жобасын қабылдау барысында халықтың пікірі ескеріледі. Мұны елімізде болып жатқан саяси реформалардың айқын көрінісі деуге болады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Соңғы 3 жылдың өзінде форумдағы ұсынымдар бірқатар стратегиялық құжаттар мен заңдардың қабылдануына ықпал етті. Оның ішінде азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға арналған тұжырымдамасы, «Қоғамдық бақылау» тағы басқа маңызды заң жобалары бар.
Бүгінде Қазақстанда 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Қазір оның 18 мыңдайы тұрақты жұмыс істейді. Олар жастар саясаты, балалар бастамалары, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, білім, ғылым сияқты маңызды салаларға бағытталған.
Нұргүл Ағылман, қатысушы:
- Барлық республиканың әр аймағынан үкіметтік емес ұйымдардың басшылары келіп, осы форумға қатысып жатыр. Осындағы алған инсайттарымызбен ауылға барып, өзіміздің аналармен бөлісіп, әрі қарай осы жерден алған тәжірбиеммен ұштастырамын деп ойлаймын.
Форум шеңберінде 1000-ға жуық ұсынымдар келіп түскен. Соның негізінде 2024-2025 жылдарға арналған ұсынымдарды іске асыру жоспары әзірленеді дейді жауаптылар. Жиын қорытындысы бойынша ел ішінде қайырымдылық істеп, көптеген жанұяларға көмектесіп жүрген қоғам белсенділері марапатталды.
Әл-Фараби Серіков, Ербол Дайыров