Оқу жылы басталғалы елімізде 39 жаңа мектеп ашылды
Жыл соңына дейін тағы 31 білім ұясын іске қосу жоспарланған.
Олар жемқорлардан қайтарылған қаражатқа салынып жатыр. Бұл туралы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры хабарлады. Ең алдымен бұрын басталған мектептердің құрылысын аяқтауға ден қойылады. Сонымен қатар әкімдіктерден түскен өтініштер іріктеліп, жаңа білім нысаны қажет аумақтарға басымдық беріледі.
№96 мектеп биыл бірінші қыркүйекте ашылған. Білім ордасы үш ауысымда оқитын 84 және 85-ші мектеп лицейлердің жүктемесін азайтуға көмектескен. 1200 орынға шақталған білім ордасы бір жылда салынды. Бірақ қазірдің өзінде мұнда 1,5 мыңға жуық бала оқиды.
Сәуле Теменова, №96 мектеп-гимназия директоры:
- Мектепті ашқанда біз бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігін ойладық. Сондықтан кіреберіске скуд жүйесі орнатылды. Ол оқушыларға фейс айди арқылы өтуге мүмкіндік береді. Бала мектепке кіргенде, ата-анасына хабарлама барады. Бұдан бөлек, кітапханаға осы жүйе орнатылған. Біз оқушылардың қаншалықты жиі кітапханаға баратынын бақылап отырамыз.
Бұл астанада инклюзивті білім жүйесіне қосылған білім ордаланының бірі. Қазір мектепте 18 ерекше қажеттілігі бала оқиды. Оларға барлық қажетті құрал-жабдықтар әзірленген, дефектолог, логопед, сурдопедагог және эрготерапевт сынды арнайы мамандар жұмыс істейді. Мекемедегі қауіпсіздік пен білім беру жүйесі жайлы оқушылардың өзінен сұрап көрдік.
Тоғжан Мұсаева, 8 сынып оқушысы:
- Бұл мектепте тілдерге басымдық беріледі екен, сіз қандай тілде оқығанды ұнатасыз?
- Қазақ тілі.
- Француз, қытай тілдерін оқисыз ба?
- Франыуз тілін білемін, оқып жатырмын, немісше, қытайша, түрікше, қытайшы.
- Қандай мамандыққа түскіңіз келеді болашақта?
- дәрігер, ғалым.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Мектеп қабырғасында гринейктер әлемі туралы ертегі бейнеленген. Мұндағы кейіпкерлер қоқысты сұрыптап, дронды табиғатты қорғау мақсатында пайдаланады. Бұл жоба оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттырып, қазірден бастап цифрлық бағдарламаларға бейімдеуге бағытталған.
62 мектептің құрылысына қаржы бөлінді
Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры 62 мектептің құрылысына қаржы бөлді. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың есепшотына аударылды. Бұдан басқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 740 мың орындық 369 мектеп салу жоспарланып отыр.
Мереке Нұрмұханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры үш ауысымды, апатты мектептерді, оқушы орны тапшылығын жою мақсатында құрылды. Жаңа оқу жылының басында қор есебінен 25 мыңға жуық оқушы орны бар 13 мектеп пайдалануға берілді. Білім беру нысандарының 6-уы Алматы облысында, 3-уі Астана қаласында, 2-уі Қызылорда облысында және бір бірден Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында салынуда.
Қор 2022 жылдың желтоқсанында құрылды. Содан бері онда 151,8 млрд теңге жиналды. Биыл наурызда Республикалық бюджеттік комиссия осы ақшаның 96,5 миллиардын құрылысы аяқталмаған мектептерге бөлінді. Осылайша, қазір білім беру инфрақұрылымын қолдау қорында 55,3 миллиард теңге қалды.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына:
Барлығы - ₸151,8 млрд түсті
Одан 62 мектеп құрылысын аяқтауға ₸ 96,5 млрд
Қалды – ₸55,3 млрд
Оқу ағарту министрлігі қаржыландырудың екінші траншын өткізу үшін әкімдіктерден түскен өтінімдерді қарап жатыр. Соған сай жөндеуді немесе қалпына келтіруді қажет ететін нысандардың тізбесін жасайды. Бұл тізбе республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберіледі.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев