Шымкентте тұрғын үй құрылысының көлемі артады
Шымкентте келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысының көлемі артады.
Қалада жаңадан шағын аудандар бой көтереді. Жылына 2 миллион шаршы метр баспана салынады. 2035 жылға дейінгі бас жоспарға сәйкес, жергілікті билік 5 ауданның дербес дамуына басымдық беретін болды. Мысалы Құрсай елді мекенін Тұран ауданының орталығы ретінде көркейтуге 750 гектар жер телімі белгіленді. Ол үшін ауыл шаруашылығы және жекенің жер уческелері мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұдан бөлек саябақтар, мектеп пен балабақшалардың құрылысы жоспарланып отыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қоғамдық нысандар да салынады.
Нұрбол Жүнісбеков, қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- 2035 жылға дейін 31 миллион шаршы метр тұрғын үй салуымыз қажет. Ол осы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында. Ол дегеніміз біз жаңа тұрғын үй құрылысын 9460 гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Біз оны бас жоспарда қарастырдық. Қажетті инфрақұрылымдарды анықтап, қазір енді біз бюджеттік тапсырма беретін боламыз.