Елде 2024 жылы жаңа цифрлық жүйелер іске қосылады

2024 жылы Қазақстанда дәрі-дәрмектерді және балабақшаларға кезекті қадағалау бойынша жаңа цифрлық жүйелер іске қосылады.

Үкіметте өткен кеңесте  Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа тиісті цифрлық шешімдер таныстырылды. Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және өтірік есептен шығару мүмкіндігін жойып, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзімдеріне мониторинг жүргізеді. «Жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафактілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне еш күмәнданбауына болады», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова. Қазір жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Үкімет басшысына балабақшаларға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы таныстырылды. Ол ата-аналарға ыңғайлы болу үшін және мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалған.