Елордада кітапханашыларды марапаттау рәсімі өтті

Кітапханашылардың еңбегі еленді.

Кәсіби мерекеге орай бірқатар маман «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен басқа да марапаттарға ие болды. Елордаға әр өңірден жиналған кітапханашыларды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, руханият саласына сіңірген еңбектеріне алғысын жеткізді. Қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастырудың маңыздылығын айтты. Елде 11 мыңға жуық кітапхана бар, оларда 25 мыңнан астам кітапханашы еңбек етеді. 328 млн-нан астам кітап қоры бар.

Айта кетейік, кітапханашылардың кәсіби мерекесі елімізде 2022 жылдан бері өткізіле бастады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Адамзат баласын ағартушылыққа жетелеп, мемлекет үшін қасиетті құндылықтарды халыққа жеткізушілердің бірі кітапханашылар екенін айтқым келеді. Олар – біздің руханият шамшырағымыз. Соңғы кезде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 млн-ға жетті. Бұл ең алдымен кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында екенін ерекше атап өткім келеді. Халқымыздың кітап оқуға деген ынта-жігерін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.