70-тен асқан жиһанкез қария елге оралды

Жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев екінші сапарын сәтті аяқтап, елге аман-сау оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақсақал биыл еліміздің батысынан бастап, Ыстамбұлға дейінгі аралықты бір өзі жаяу жүріп шықты. Ал Түркиядан Қазақстанға ұшақпен жетті.

Ұлытаулық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев екінші сапарын осы жылы Атыраудан бастап, Астрахань қаласы арқылы Дағыстан, Шешенстан және Грузиядан өтіп, Түркия батысына 13 қазан күні жеткен. Қазір көңіл күйі жақсы. Денсаулығына еш шағымы жоқ.

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- Бейнетсіз еңбек жоқ қой. Жақсы өттім. Қатты күйзелген жоқпын. 3 мақсатым болғаннан кейін жігерленіп өттім. Елді мекендерде қондым. Елді мекен жоқ жерлерде далада қондым.

Ақсақалдың басты мақсаты рекорд орнату емес. Ұлт ұясы Ұлытаудың атын шығарып, оның терең тарихынан сыр шерту. Екіншіден, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімін толықтыру. Үшіншіден, қазақтың қымыз мейрамын насихаттау.

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- Жүрген жерлерімде біріншіден тарихи-өлкетану музейлерін көремін. Тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен танысамын.

Естеріңізде болса, 73 жастағы ақсақал алғашқы сапарын былтыр 31 наурызда Ұлытаудан бастап, боран мен көктайғаққа қарамастан Жезқазғанға дейінгі 140 шақырымды 24 сағат ішінде жаяу жүріп өткен еді. Кейін еліміздің барлық өңірін 6 ай ішінде аралап, саяхатын Ақтауда аяқтаған болатын. Енді келесі жылы мұхит асуды жоспарлап отыр. Ыстамбұлдан бастап Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция және АҚШ-қа бағыт алады. Ол жақта 3 штаттан өтіп, ұшақпен Қытайға жетеді. Одан бері қарай Моңғолия, Алтай және Шығыс Қазақстанмен аяқтамақшы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров.