Биыл Қызылорда облысына 85 жыл
Мерейлі мерекеге орай өңірде бір ай бойы түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.
Игі бастама қала күні аясында да жалғасын тапты. Орталық стадионда гала-концерт өтіп, өңір дамуына үлес қосқан азаматтар құрметке бөленді.
Биыл облыстағы құрылыс қарқыны жоғары. Әсіресе әлеуметтік маңызға ие нысандар көптеп салынып жатыр. Олар: 300 орынға шақталған көпбейінді аурухана, қан орталығы, физика-математика бағытындағы мектеп-интернат және «Өнер орталығы».
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен құны 98 миллиард теңгені құрайтын 21 «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Жақын күндері 7 орынды құны 20 миллиард теңгеге жақын жаңа стадионның құрылысы да басталады. 37 миллард 500 миллион теңгенің жұмыстары қазіргі таңда демеушілікпен жүзеге асуда. Құрметті қала қонақтары, қадірлі жерлестер, баршаңызды бүгінгі қала күні мерекесімен, облысымыздың құрылғанына 85 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.
Салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков облыстың Құрметті азаматы атанды. Сонымен қатар өңір дамуына үлес қосқан бірқатар азамат ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен және облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қалқазбек Әжібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің кішкентай ғана еңбегімізді ескергені.Осындай марапаттар көп болсын. Әр уақытта еліміздің, облысымыздың, қаламыздың мерейі үстем бола берсін. Қызылорданың жақсылығына қатысып, соған куә бола берейік.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерейтойға арнайы жазылған «Қазақтың Қызылордасы» әні орындалды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев