Павлодардың Галкино ауылында барлық әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті

Галкино ауылында кейінгі екі жыл ішінде барлық әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті.

Мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жаңарды. Спортқа әуес оқушылар үшін алып кешен бой көтерді. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатындағы жобалар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында жүзеге асты.

Нұрсұлтан Серікбаев Галкин ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған жеріне оралды. Бүгінде жас маман жеткіншектерді спортқа баулып жүр.

Нұрсұлтан Серікбаев, жаттықтырушы:

Бұрын жағдай болған жоқ. Мектепте, мәдениет үйінде жаттығу жасап жүрдік. Қазір спорт кешені салынғаннан кейін өзімізге күшті. Балалардың көздері ашылды. Тренировка жасаймыз, үш топ бар. Алдағы мақсаттарымыз Қазақстан чемпионатына шығу, Азия.

Кешен  мемлекеттік бағдарлама бойынша жуырда бой көтерді. Қысқа мерзім ішінде қазақ күресіне қызығушылық танытқан жеткіншектердің саны күрт өскен. Олардың арасында ел чемпонаттарына жолдама алғандар бар.

Алтымұрат Базарбек, оқушы:

Қазақша күреске келу мақсатым спорт шеберлігіне кандидатты алу. Күреске бесінші сыныптан бастап қатысып жүрмін. Бес жыл болды қатысып жүргеніме, бесінші сыныптан бастап. Мен облыс чемпионаттарын жеңдім, район чемпионаттарын жеңдім.

Тозығы жеткен мәдениет үйінің ғимараты да жаңғырды. Нысанның жылу жүйесі, шатыры ауыстырылып, концерттік залы жаңартылды. Осылайша, оқушылар үшін шығармашылықпен айналысуға қолайлы жағдай жасалды. Жиындар, концерттерді жаңа ошақта өткізуге де мүмкіндік бар.

Қалидолда Түсіп, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

- Жақсы дегеннен басқа нәрсе айта алмаймын. Бәрі қатысады, жиын болсын, концерт болсын, би болсын. Өнер болса, осында келіп қатысады.

Ендігі мақсат тұрмыстық қалдықтарды жинауды ретке келтіріп, көшелерге жарықшамдар орнату. Бұл мәселелер де жуық арада шешімін таппақ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Абаттандыру жоспары аясында Галкин ауылында осындай қоқыс тастау орындары пайда болды. Бұл контейнерлер пластик қалдықтарын жинауға арналған әзірге елді мекеннің үш көшесінде тоғыз контейнер орнатылды. Ал алдағы уақытта олардың саны 30-ға дейін жетпек. 

Елімізді дамыту үшін әр азамат заман талабына сай болып, еңбек етуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. Ал дамыған ел құрамыз десек, халықтың тұрмысы да жақсаруы тиіс.

Дәурен Нұрсейітов, Галкин ауылдық округінің әкімі:

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бағдарламасы бізге жақсы жағынан тиімді болды. Бір жылдың ішінде ауылымыз жаңарып шықты. Бүкіл болған проблемалар жойылды деп айтуға болады.

Өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 200-ге жуық ауылдың инфрақұрылымын жақсарту көзделген. Биылдың өзінде 85 жоба іске асырылды.

Ақмарал Есімханова