«Саламатты Қазақстан» пойызы Қызылорда облысында аялдап тұр
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысында аялдап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметтің әлі де қолжетімсіз екені рас. Сондықтан ауылдықтар тегін диагностикалық тексеруден өткізіп, ем-дом жасайтын жылжымалы емхананы асыға күтеді.
Арал ауданындағы Сексеуіл, Шөміш және Сапақ елді мекендері тұрғындарын қабылдаған денсаулық пойызы қазір Белкөл тораптық станциясында тұр. Жылжымалы емханада 22 медициналық маман бар. Тұрғындардың көбі рентгенге түсіп жатыр. Пойызда тағы қандай медициналық құрылғылар бар?
Айнұр Егінбаева, бас дәрігер:
- Бұдан бөлек, бізде эхокардиографиямыз бар, іш құрылысының УЗИ, анализатор зертханамыз және электрокардиограмма бар. Ең ауыр науқас ол 2008 жылғы қыз болған. Жарақат алып, басына қан құйылған. Бірақ ауруханаға жатқызбаған ол қызды. Анасымен біздің невропатолог дәрігерге келді. Аудандық ауруханаға шұғыл түрде жатқыздық.
Жалғыз фельдшерге қарап отыратын ауылдықтар білікті дәрігерлерге көрінуге таңсәріден кезекке тұр. Мамандар ауызсу сапасыз болғасын ба, тұрғындардың ішкі құрылысында кінәрат көп анықталып жатқанын айтады.
Тұрғындар:
- Тыныс алу жолдарын маманына жүгініп, ақыл-кеңестерін алып тұрған жағдайымыз бар.
- Анализдер тапсырып, көрінуге келіп тұрмын. Жалпы сол денсаулығымды білейін деп келдім.
- Бауырымды рентгенге түсірсем деп Астанадан келген жақсы дәрігерлер деп жатыр ғой. Соған көрінсем деген ойым.
«Саламатты Қазақстан» медициналық-әлеуметтік жоба аясында шалғай ауыл тұрғындарына заңгерлік және медиаторлық көмек беріліп жатыр.
Жанна Бекмұхамбетова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілі:
- Бұл жобада кез келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден тегін және толық көлемде көмек пен кеңес ала алады. Оның ішіндегі азаматтық жер, тұрғын үй, еңбек, банк, салық, отбасы, неке және басқа да көптеген мәселе бойынша кеңестер көрсетіледі.
Денсаулық пойызы Белкөлден кейін Тартоғай, Бәйгеқұм, Ақмая, Екпінді және Аққұм ауылдарына аялдайды.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.