Қарағандыдағы ым-ишара театры ерекше қойылым әзірледі
Қарағандыдағы ым-ишара халық театрының әртістері Республика күніне орай ерекше қойылым әзірледі.
40 жыл бойы көрермендер көңілінен шығып жүрген олар бұл күнге зор дайындықпен келді. Көрермен қошеметін ести алмаса да жүрекпен сезінетін жандар жаңа қойылымды жарты жыл бойы дайындапты.
Сахна сырты. Қойылым алдындағы соңғы дайындық. Режиссер де, әртістер де, хореографтар да жанын қоярға жер таппай жүр. Бүгін көрермен башқұрттардың белгілі драматургы Флорид Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлер» пъесасын тамашалайды. Бұл тағдыры таласқа түскен жандардың өмірінен алынған қойылым.
Людмила Пекушева, ым-ишара халық театрының режиссері:
- Есту қабілеті нашар жандар үшін сахна кәдімгі мектеп сияқты. Олар мұнда көрермен қошеметіне бөленіп, өмірге қажет екендерін сезінеді. Өздері ести алмағандықтан біз ең болмаса көрермендердің құштарлығын сезсе дейміз. Бұның ерекшелігі де, қиындығы да осында.
Айгүл Түсіпова театрдың ең тәжірибелі әртістерінің бірі. Алғаш іргесі құрылғалы бері сахнада жүр. Бүгін ол тұрмысқа шығуға ниетті төрт кәрі қыздың бірінің рөлін сомдайды.
Айгүл Түсіпова, ым-ишара халық театрының әртісі:
- Маған барлық рөл ұнайды. Жағымды да жағымсыз кейіпкерлерді де сомдай беремін. Мен сомдайтын жанның мінезі қаншалықты ауыр болса, оны сахнада алып шығу маған соншалықты жеңіл.
Театр 1964 жылы шағын үйірме ретінде басталған. Ол кезде бір ғана қойылым бар еді. Ал 1985 жылы «Халық театры» атағы берілді. Мұнда кәсіби әртіс жоқ. Бәрі де әуесқой.
Әсет Әмірбеков, облыстық саңыраулар мәдениет үйінің басшысы:
- Қазір осында 3 театр жұмыс істейді. Бір үлгілі өнер студиясы жұмыс істейді. Олардың бәрінде 15-20 дан кісілер бар. Біз енді өзіміз бірінші көрсетіп алайық сосын әрі қарай да көрсетеміз деген ойымыз бар бұл спектакльді. Оның үстіне біз балалармен көп жұмыс істейміз, фестиваль мен конкурстарға шығып тұрамыз. Бұл ым-ишара дейді, ыммен айтатын өлең, театырымызда солай.
Өздерінің ерекшеліктеріне сай мұндағы әртістер әр қойылымға кемі жарты жыл дайындалады. Есесіне әр қойылымды асыға күтетін тұрақты көрермендері бар. Облыста бүгінгі күні есту қабілеті нашар 3 мыңнан астам адам өмір сүреді. Оның көбі театр өмірімен жақсы таныс. Айтпақшы шығармашылық топ шетелдерге де шығып өнерлерін паш етіп тұрады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар