Астанада халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Алдағы 5 жылда еңбек нарығына жыл сайын 100 мыңға жуық жұмыс орны қажет болады.

Халық саны өскен сайын жаңа жұмыс орындарын ашу  қарқыны бәсеңдемеуі керек. Елордада өткен «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-тегеуріндер мен перспективалар» атты халықаралық конференцияда халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. Қай мамандық тапшы, қандай жаңа кәсіп иелеріне сұраныс жоғары? Сұраққа 15 елдің сарапшылары жауап іздеп, пікірлерін ортаға салды.

Қазір қазақстандық еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында теңгерімсіздік бар. Жаңа жұмыс орындарының 87%-і төмен және орта өнімді секторларға тиесілі. Себебі жұмыскерлерді біліктілік арттыру бағдарламаларымен қамту деңгейі төмен. Сала басшысы Светлана Жақыпова еңбек нарығындағы өзгерістер жаңа технологияларды енгізу, жасанды интеллектінің қарқынды дамуымен байланысты деді. Алдағы міндет қарапайым жұмыс орындарын құрудан лайықты жалақысы бар сапалы жұмыспен қамтуға көшу екенін айтты. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі :

- Дәстүрлі еңбекпен қамтудан еркін табыс табу экономикасына біртіндеп ауысу жүріп жатыр. Еңбекке цифрландырудың әсері кеңінен сипат алуда. Жұмыс орындарының үштен бірі автоматтардырылады деген болжам бар. Жұмыс орындарының 80%-ке дейінгі функциялары күрделенеді. Сонымен қатар онлайн-платформа жұмыскерлері артып келеді.

Халықаралық сарапшылар әлемде жақсы жұмыс жағдайы мен әлеуметтік қауіпсіздік іздеген 300 млн мигрант барын айтты. Себебі жаһандық деңгейдегі сын-тегеуріндер әрбір елді алаңдатады. Ол – климаттың өзгеруі, геосаяси ахуал, террорлық іс-әрекеттер. Мамандар бүгінгідей тәжірибе алмасу, зерттеу жүргізу арқылы еңбек нарығын жақсартуға күш салу қажет дейді.

Хавьер Санчес-Риза, Дүниежүзілік банк өкілі:

- Оқу бітіріп, еңбек нарығына жаңадан жол тартатындарды жұмыс орнымен қамтамасыз етуіміз керек. Осы тұрғыда тек пайда көзі емес, жұмыс орнының сапалы, тұрақты, еңбек шарттарының жақсы болуы маңызды. Біздің ұйым осы мәселелермен айналысады. Еңбек нарығы әлеуметтік осал топ үшін инклюзивті болуы тиіс. Сонымен қатар жастар мен әйелдер де қиыншылықтармен кездесіп жатады.

Бүгінде кез келген салада білікті маман жетіспейтіні ақиқат. Біліктілік арттыру тетіктері Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында қамтылды.

Олжас Ордабаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Біздің концепциямыздың 3 бөлігі бар. Біріншісі, жұмыс орындары қандай болу керек, сапалы жұмыс орындары қалай ашылу керек. Екінші бөлігі – білім саласы. Кадрларды қалай даярлау керекпіз. Үшінші бөлігі – біздің Еңбек министрлігінің сұрағы, еңбек нарығының инфраструктурасы қалай жұмыс істеу керек, электронды биржа мен айтқан. Халықаралық сарапшылар бізге кеңес беріп, біз олардың тәжірибесін зерттеп жатырмыз.

Елімізде жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Сандық мәнде айтсақ, 452  мыңнан астам адам жұмыссыз қатарында саналады. Еңбек нарығындағы ең тапшы сала – ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету мамандары. Әсіресе техникалық мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді.

Авторлары: Рухани Асқар, Арман Ақшабаев.