«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылы іске қосылады
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың қаңтар айында іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жобаның инвестициялық табысының 50%-ін 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлу көзделген. Қаражат 250 мыңға жуық кәмелетке толған балалардың есепшотына 1 ақпаннан бастап түседі. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, бұл қаржыны 2 мақсатта пайдалануға болады. Біріншіден, білім алуға, екіншіден, тұрғын үй жағдайын жақсартуға. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған әр баланың есепшотындағы ақша доллармен сақталады. Бірақ қаражаттың өзі теңгемен беріледі.
Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғары оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша қаражат Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар бұл қаражатты бастапқы жарна ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі.