Президент Жетісу облысындағы мәдениет және спорт нысандарын аралады
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы мәдениет және спорт нысандарын да аралап көрді.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаратал ауданының Кәлпе ауылында 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Бұдан бөлек Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде де болды. 800-ден астам шаршы метрді алып жатқан ғимаратта балалар ойын алаңы мен воркаут қарастырылған. Сапар соңында Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдынымен танысып, спортшылармен әңгімелесті. Бұл спорт нысанын жеке кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлы өз қаражатына салғызып, Республика күні ашқан. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңгеге жетеді. Ғимаратта жергілікті тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады.
Айта кету керек, бұл жабық мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді. Нысанмен танысқан Президент ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Мәулен Мамыров, олимпиада жүлдегері:
- Қазір жалпы Қазақстанда, соның ішінде Жетісу облысында спорт қарқынды даму үстінде. Біздің спортшыларымыздың барлықтарына жасалған инфрақұрылымдар, ауқымды қаржылар бөлініп, қаншама осындай спорттық ғимараттар салынып жатыр. Сол себепті болашақта болсын біздің спортшылар жарыстарда үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Соған сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы спортқа біз көңіл аударамыз. Басымдық жасап, біз дәріптейтін болдық.