Мемлекет басшысы Үштөбе қаласындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Ең әуелі Президент гуманитарлық колледждің жұмысымен танысты. Білім ордасы биыл ашылған. Оның 30 орындық жатақханасы бар. Мұнда болашақ педагогтерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектепке де ат басын бұрды. Бұл білім ұясы 1963 жылы салынған. Ал 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Бұдан бөлек президент биыл халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулаторияның да жұмысымен танысты. Бұл мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.