Депозиттегі қаржыға салық салынбайды

Тұрғындар депозитіндегі қаражат үшін салық төлемейді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа кодексті талқылау кезінде бұл бастамадан бас тартқанын мәлімдеді. Бірақ жылына 40 млн теңгеден астам табыс тауып отырған азаматтарға салынатын салық артуы мүмкін. Одан бөлек,  қосымша құн салығын көбейту әлі талқылануда. Базалық ставка 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Сол арқылы бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге қаражат түседі. Ведомства басшысы бұл айтарлықтай қымбатшылыққа әкеп соқпайды деп сендірді. Оның айтуынша, салық көбейгенімен бұл тұрғындардың қалтасын қақпайды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Негізі ірі және орта бизнес оны төлейтін. Ол 110 мың салық төлеушінің тек 5,5 пайызы. Экономикаға үлкен әсер болмайды. Ол тек қана бірден болады, одан кейін экономика адаптация жасайды.

Сән-салтанат салығы талқыланып жатыр

Енді шетелден спирттік ішімдіктер мен, темекі әкелгендер де салық төлейді. Ол үшін өнім премиум санатына жатуы керек. Тізімге бағалы брендтегі киім-кешек пен иіссулар да кіруі мүмкін. Бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр. Жалпы, сән-салтанат салығы, негізінен қымбат көлік, жеке ұшақ, бағалы жылжымайтын мүлікке салынады. Бірақ смартфон, ноутбук сынды аппаратар бұл санатқа жатпайды.