Қ. Тоқаев Жетісу облысындағы әлеуметтік нысандармен танысты
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысындағы мәдени және әлеуметтік нысандармен танысты.
Президент бірқатар музейді жәдігерлермен толықтыру керектігін де айтты. Ал спортшылармен кездесу барысында мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын жеткізді.
Риат Шони, тілші:
- Жетісу облысы. Президент сапарының екінші күні. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаратал ауданындағы бірқатар мәдени және әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ең әуелі Президент Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды. Бұл мұражай биыл ғана пайдалануға берілген. Ғимаратта өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған. Президентке музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетілді. Сондай-ақ, жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова мен осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер туралы тың деректер таныстырылды. Мемлекет басшысы музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен де жүздесіп, мұражайдағы жәдігерлерді көбейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұражайды көріп шықтым. Керемет екен. Жақсы. Кең. Енді келешекте жәдігерлер көп болатын шығар. Сондықтан осындай мұражайлар халық үшін керек.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Бұнда Президент гуманитарлық колледждің жұмысымен танысты. Білім ордасы биыл ашылған. Оның 30 орындық жатақханасы бар. Мұнда болашақ педагогтерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үштөбе орта мектебіне де ат басын бұрды. Бұл білім ұясы 1963 жылы салынған. Ал 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулаторияның да жұмысымен танысты. Бұл мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Ал сапар соңында Президент Жетісу облысындағы мәдениет және спорт нысандарына барды. Қаратал ауданының Кәлпе ауылында 200 орындық бұл мәдениет үйінің жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мұнда бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Бұдан бөлек Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешеніне де арнайы ат басын бұрды. 800-ден астам шаршы метрді алып жатқан ғимаратта балалар ойын алаңы мен воркаут қарастырылған. Президент барған ең соңғы нысан Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдыны болды.
Бұл спорт нысанын жеке кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлы өз қаражатына салғызып, Республика күні ашқан. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңгеге жетеді. Ғимаратта жергілікті тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады.
Мәулен Мамыров, олимпиада жүлдегері:
- Қазір жалпы Қазақстанда, соның ішінде Жетісу облысында спорт қарқынды даму үстінде. Біздің спортшыларымыздың барлықтарына жасалған инфрақұрылымдар, ауқымды қаржылар бөлініп, қаншама осындай спорттық ғимараттар салынып жатыр. Сол себепті болашақта болсын біздің спортшылар жарыстарда үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Соған сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы спортқа біз көңіл аударамыз. Басымдық жасап, біз дәріптейтін болдық.
Айта кету керек, бұл жабық мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді. Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бақытбек Нұртаев