«Балдырған» журналына - 65 жыл

Осы «Балдырғанды» айтқанда балалар әдебиетінің атасы атанған Мұзағаңның есімі қоса аталады.

Биыл журналдың мерейтойымен қоса,  қазақтың көрнекті ақыны, халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы қоса тойланып жатыр.  «Балдырған» 1958 жылдан бері шыға бастады. Мұзафар Әлімбаев оның негізін өзі қалап, 30 жылға жуық бас редокторы болды.  Сондықтан, балалар әдебиетінің бас бағбаны атанды. Алматыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда журналдың тарихын паш ететін көрме ұйымдастырылып, белгілі  әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Қатысушылар естеліктерімен бөлісіп, оқушылар ақын аталарының өлеңдерін оқыды. Жалпы, Мұзағаңның 60-тан астам кітабы жарық көрген. Соның жартысынан көбі балалар поэзиясына арналған. Қазір «Балдырған» журналы 10 мың тиражбен айына бір рет шығады. Ал бүгінде елде 50-ге  жуық балалар жазушысы бар екен. Олар ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш сияқты 25-ке жуық жанрда қалам тартып жүр.

Дүйсен Мағлұмов, "Балдырған" журналының бас редакторы:

- Журналдың 50 пайызы мәтін болса 50 пайызы сурет. Балдырған балалар әдебиетінің бас кітабы. Балалар жазушыларының ұстаханасы,-деген Мұзағаңның сөзі бар. Сол принципті, сол дәстүрді біз жалғастыруға тырысамыз. Бұл Мұзағаңнан қалған көз, Тұманбайдан қалған сөз. Соған лайық болып шығарып жатқан жайымыз бар.

Серік Елікбай, жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры:

- Біз кешегі Балдырғанның балаларымыз. Тәуелсіздіктің негізін қалап жатқан сол ұрпақ Балдырғанның концепциясынан шыққан болатын.  Оның басында Мұзафар Әлімбаев ағамыз тұрған. Бүтіндей бар ғұмырын, бар тіршілігін, бүкіл ішкі дүниесін балаларға арнаған қаламгер кемде-кем.