Өскемендегі радиация қаупі бар аймақты кім тазартады?

Қала әкімдігі Өскемендегі радиация қаупі бар аймақты жоюы тиіс.

Жоғарғы сот осындай шешім шығарды. Жергілікті заңгер Алексей Божков бұл мәселені көп жылдан бері көтеріп келген. Ол уран қалдықтары төгілген аумақты анықтап, халықты сақтандыруды талап етіп жүр. Ал жергілікті билік мұнымен келіспей, қоғам белсендісін бірнеше рет сотқа берді. Бірақ барлығында жеңілген. Енді жағдай қалай өрбиді?

Бұл жерде 50 жыл бұрын атом өндірісіне қажет материалдарды зерттейтін зауыт болған. Кейін оның жұмысы тоқтап, уран қалдықтары осы аумаққа көмілген. Бірақ мұнымен мәселе шешілген жоқ. Дозиметрші мамандардың пайымынша, радиация қаупі әлі де бар. 

Бұл көрсеткіштер санитарлық нормалардың сақталмайтына дәлел. Радиация қаупі бар аумаққа арнайы белгі де қойылмаған. Жалпы соңғы 20 жылда өңірде 20 радиоактивті дақ залалсыздандырылған. Олар облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Экологиялық кодекстегі соңғы өзгерістерге байланысты жауапкершілік енді қала әкімдігіне жүктеліп отыр.

Заңгер Алексей Божков бұл сұраққа жауапты бірнеше жыл бойы таппай әлек. Оның пікірінше, ластанған аумақты тазартумен қала әкімдігі айналысуы тиіс. Бірақ шенеуніктер экологтардың талабына құлақ аспаған.

Геннадий Корешков, облыстық Қоғамдық кеңестің Экология комитетінің төрағасы:

- Қала әкімдігіне осындай ұсыныс берілсе, табиғатты қорғау жоспарына енуі тиіс. Жаңа экологиялық кодекске сәйкес ауаны ластағаны үшін берілетін эмиссия жергілікті жерде қалады және қаражат тек табиғатты қорғау шарасына жұмсалуы қажет.

Қос тарап осы мәселе төңірегінде 3 рет соттасты. Қалалық, облыстық, Жоғарғы Сот та қоғам белсендісін жақтаған. Соңғы инстанция әкімдікті табиғатты қорғау шарасын іске асыруға міндеттеді. 

Алексей Божков, заңгер:

- Енді олар қандай шараны қолға алатынын, оған қанша қаржы бөлінетінін анықтауы тиіс. Бұған қандай органның жауапты екенін де айтуы керек.

Сот шешіміне сәйкес қала әкімдігі бір ай ішінде радиоктивті қалдықтар үйіндісін жою жоспарын түзуі тиіс. Сонымен қатар радиация қаупі бар жерлерге белгі орнатуы міндет. 

Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.