Жарылыстан жарақат алған 2 кенші ауруханадан шығады

Шахтадағы жарылыс кезінде жарақат алып, ауруханаға түскен кеншілердің екеуі бүгін отбасына оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулықтары оңалып, ем-дом шараларын толық алған. Дәл қазір ауруханада 24 кенші ем алып жатыр.

Костенко шахтасындағы жарылыстан зардап шеккен 2 кенші ауруханадан шығады. Бұл жөнінде Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Кешегі аласапыранда Қарағанды, Абай, Шахтинск қалаларындағы стационарларға 28 адам жеткізілген. Олардың алған жарақаттары әртүрлі. Дені газдан уланған. Кейбірінің миы шайқалып, бас сүйегі сынған. Өкпесіне зақым келгендер де бар.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бір адам профессор Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімінде. Қазіргі таңда травматологиялық шок құбылыстары регрессияланған, жағдайы ауыр, тұрақты, есін біледі. Бір адам травматология бөлімшесінде. Жай-күйі нашарлаусыз, бірқалыпты.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, қазір зардап шеккендердің барлығы қажетті ем-дом шараларын алып жатыр. Бірқатар Республикалық ғылыми орталықтардың дәрігерлері де осында жұмылдырылған. Бұдан бөлек, опат болған немесе жарақат алған кеншілердің туған-туыстарына Апаттар медицинасы орталығының мамандары көмек көрсетіп жатыр.

Ерген Құдайберген, Апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

- Біз кеше шахтада жарылыс болды дегеннен бастап кешеден бері 3 бригада қызметте жүрміз. Шахтада қаза тапқан, шахтада болған оқиғаға байланысты туған-туыстарына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр қажет жағдайда. Сонымен қатар психолог мамандармен психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр. Біздің апаттар медицинасы орталығының 3 бригадасымен кешелі бері 40 астам адамға шұғыл көмек көрсетілді.

Қазір апат болған орында 16 психолог маман жұмыс істеп жатыр. Ал жалпы шұғыл медициналық көмек көрсетуге 21 маман және 7 техника жұмылдырылған.

Авторлары: Риат Шони, Дәуренбек Бағдәулетұлы, Бекзат Аман.