Атыраулық шебер қазақтың кенже қалған қолөнерін дәріптеп жүр
Атыраулық Дина Нұрғазиева – қазақтың кенже қалған қолөнерін дәріптеп жүрген шебер.
Қолынан шыққан туындыларға қазір сұраныс көп.
Дина Нұрғазиева мына екі бөлмелі пәтерді шағын шеберханаға айналдырған. Осы жерде текемет пен тұскиіз басып, алаша тоқиды. Бабадан қалған асыл мұраны ұмыт қалдырмай, дәріптеп отыруды 5 жыл бұрын қолға алыпты. Бала күнгі көргенін қазір жастарға да үйретіп жүр.
Дина Нұрғазиева, қолөнер шебері:
- Әжемнің бауырында өстік. Жаз бойына осы жұмыстарды жасаймыз. Киіз басқанда оюларын ойып берем, басқанын, қиып жатқанын көреміз. Алаша да тоқытты, жітерді иіріп, ширатып өрнекке дайындайтын. Бәрін соның басымыздан өткіздік. Құдық та қаздық, тезек те тердік деген сияқты.
Қазір қолөнер бұйымдарына сұраныс жақсы. Дегенмен ұлы өнердің бағасына көбі жете бермейді, дейді шебер. Шетелдіктердің аса қызығушылықпен алатынын айтады. Бүгінде көрмелерге қатысып, өз бұйымдарын көпшілікке таныстырып жүр. Жанындағы көмекшілері де қолөнердің қыр-сырын әбден меңгерген.
Дина Досаева, қолөнер шебері:
- Әжем маған бар білгенін үйретіп кетті. 10 саусағынан өнер тамған жан еді. Дина апамен танысқанымда сол әжемді көргендей болдым. Қазір осы саланы зерттеп, білмейтінімізді үйреніп жүрміз. Бір-бірімізге үнемі көмектесеміз. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жастарға да шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамыз.
Дина әже қазір текемет пен алашадан бөлек, қой жүнінен киім басуды да қолға алыпты. Немере-жиендеріне кеудеше, бас киімдерді өзі дайындайды. Тазартылған қой жүнін Тараз қаласынан алдырады екен. «Зейнет жасындағы жандар үшін таптырмас ермек»,- дейді Дина әже. Оған қоса ұлы өнерді дәріптеуге де өз үлесін қосып жүр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин