Павлодар облысында 2,5 мыңнан астам үй жануарына чип салынды
Павлодар облысында үй жануарларын міндетті тіркеуден өткізу науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір 2,5 мыңнан астам ит-мысыққа чип салынып, мәліметтері бірыңғай жүйеге енгізілді. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көбі жануарларды тіркеуге асығар емес. Ал әлеуметтік топқа жататын тұрғындар чиптеу қызметінің тегін екенінен бейхабар боп шықты.
Өңірде үй жануарларын «Таңба» жүйесіне тіркеу, яғни чип салу 2 ай бұрын басталды. Қызмет жекеменшік клиникаларда ақылы. Ал әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар үшін бұл процедуралар тегін. Бұл жұмыспен мемлекеттік ветеринариялық станциялардың мамандары айналысады.
Темірлан Алдажаров, облыстық ветеринария станциясының маманы:
- Бұл процедураға небәрі шамамен 15 минут кетеді. Ит немесе мысықты тіркеу үшін иесінің жеке куәлігі қажет. Чип салынған соң ветеринариялық төлқұжат беріледі. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетеміз.
Облыста тегін чиптеу шараларына 17 млн теңге бөлініп, ветеринариялық мекемелер қажетті құралдармен жабдықталды. Десе де бұл қызмет түрін қолданатындар тым аз. Осы күнге дейін 80 адам үйдегі жануарын тіркеген.
Ғалым Бейсенов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Біз 2 ай жұмыс істейміз. Сол аралықта соншама аз ғана адам келді. Түгелі тегін жасалады және осал топтардың кейбіреулері мүгедек болған жағдайлар немесе жануарлары үлкен болғаннан әкелуге мүмкіндіктері болмағандықтан, біздің көшпелі бригадаларымыз солардың мекенжайына барып, сол орында жасап береді.
Көшпелі бригаданың қызметіне жүгіну үшін мал дәрігерлеріне хабарласып, өтініш қалдыру қажет.
Тегін қызметті пайдаланғандар қатарында Сандуғаш Мұқатаева бар. Зейнеткер Муся аты мысығына чип салып, қолма-қол төлқұжат жасатып алған.
Сандуғаш Мұқатаева, қала тұрғыны:
- Жылда бір-бір мысықтан айырыламын мен. Көшеге шығып кетеді, сол шыққаннан оралмайды, қайда кетіп қалатынын білмеймін. Биыл чиптеу жасаған соң мүмкін жоғалтпайтын шығармын деп ойлап тұрмын.
Мамандардың айтуынша, тіркеу шараларын күшейтіп, халықты құлақтандыру қажет. Сонда ғана өңірдегі үй жануарларының нақты саны анықталады. Жоғалған ит-мысықты тез арада табу да жеңілдей түседі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков.