СҚО-да қос вагонды сүйреген алып күш иесі тұрады
Солтүстік Қазақстан облысында алып күш иесі тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аққайың ауданының тұрғыны Парсахан Алдияров – ерекше табиғи қабілеті бар жан. Ол еш дайындықсыз пойыздың 2 вагонын сүйреп, жұртшылықты тәнті етті. Ауырды бұйым көрмейтін 28 жастағы азаматпен әріптесім Самат Қайырденұлы тілдесіп қайтты.
Парсахан Алдияров – ата жұртын аңсап келген жандардың бірі. Ол 2000 жылдары Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды. Жас кезінен ауыр затты ұршықша иіреді. Салмағы 23 тоннадан асатын вагонды еш дайындықсыз 60 метрге дейін сүйреп тастады.
Парсахан ауыр атлетикаға ешқашан қызықпаған. Дегенмен қара күштің иесі бұл көрсеткішпен тоқтамайтынын айтты. Тіпті түсірілім барысында тағы бір вагонға тапсырыс берді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Ұлы даламызда егеулі найза қолға алған батырлар, алысқанын алып жыққан балуандар да болған. Мұндай тектілердің жолын қуған азаматтар қазір де бар. Солардың бірі – Парсахан Алдияров. Сырт көзге қарасаңыздар, ол бір алып күш иесі емес сияқты. Дей тұрғанмен қазір ол жалпы салмағы 40 тоннадан асатын 2 бірдей вагонды сүйреп көрмек.
Айта кеткен жөн, Парсахан мұндай көрсеткішті бағындыру үшін еш дайындалмаған. «Трюк жасаған кезде қара күштен гөрі ептілік қажет», - дейді ол.
Парсахан Алдияров, өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі:
- Құтқарушылар күніне, соған арналған челлендж болатын. Менің қарауыл бастығым вагон тартып көрейік деп айтты. Мен осында жұмыс істегем. Бұған дейін 2-3 адам болып вагонды тартып жүргенбіз. Салмақ көбінесе қазір мына аяққа және алға қарай еңкейіп тартылған соң тросқа, тростан иыққа түседі. Бұл 23 тонна вагонды ең бастысы – орнынан қозғалтып алу.
Парсахан ұлттық спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көреді. Ал өзі қазір өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып істейді.
Асхат Бейсенбаев, өрт сөндіру бөлімінің басшысы:
- Парсаханның бізбен бірге иық тіресіп, құтқарушы болып жүргеніне 2 жыл болды. Ұжымда сыйлы. Биыл аударыспақтан облыс чемпионы болып, спорт шеберіне кандидат атанды. Жалпы өрт сөндірушілердің физикалық дайындығы мықты болуы тиіс. Сол себепті біздің жігіттер бос уақытында спортпен шұғылданады.
Күш атасын танымас. Енді Парсахан ауыр тракторды тартып, көпшілікті тағы бір таңғалдырсам дейді. Ол трюкті Тәуелсіздік күнінде жасамақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.