Е.Қариннің төрағалығымен азаматтық туралы бірқатар мәселе қаралды
Қазақстан азаматтығынан бас тартқысы келетіндер саны соңғы 4 жылда 15 есе төмендеген.
Бұл туралы Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен отырыста, азаматтық туралы бірқатар мәселе қаралды. Сонымен қатар, Комиссия қызметінің негізгі бағыттары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің және тиісті мемлекеттік органдар атқарған жұмыстар жайындағы өзге де лауазымды тұлғалардың есебі тыңдалды. Комиссия төрағасы Қазақстан азаматтығынан бас тартқысы келетін тұлғалардың азайғанын оң үрдіс деп бағалады. Нақты айтқанда, 2019 жылы мұндай адамдардың саны 1,7 мың, 2020 жылы – 0,9 мың болса, 2021 жылы – 123, ал 2022 жылы – 114 адам болған. Комиссия қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.