Мектептердегі қауіпсіздік басты назарда
Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы білім ошақтарындағы бейнекамералар мен дабыл батырмаларын тексерді.
Мамандандырылған күзет мекемесі қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Қазір мектептердегі бейнекамералар қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына қосылған. Тәртіп сақшылары білім ошағын үнемі бақылауда ұстайды.
Өңірде оқушылардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін бақылау бағытында профилактикалық шаралар ұдайы өтіп тұрады. Бүгін тәртіп сақшылары білім ошақтарындағы бейнекамералардың жұмысымен танысып, дабыл батырмаларын тексерді. Түскен хабарлама бойынша полиция қызметкерлері мен күзет мекемесінің мамандары мектепке 3-5 минут ішінде жетуі тиіс. Мамандар бұл сынақтан сүрінбей өтті.
Нұрхат Оразбаев, облыстық Полиция департаментінің бастығы:
- Бүгін міне балалардың күзгі каникулы кезінде мектептердегі дабыл белгілерін тексерудеміз. Бұл құрылғылар полицияға тікелей байланыс орнатуға көмек береді. Көмекке жедел жету үшін әр сәт, секунд маңызды. Сондай-ақ, мектептердегі бейнебақылау камералары үздіксіз жұмыс істейді. Облыстағы барлық мектепте бейнебақылау камерасы қондырылған.
Облыстағы 201 мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Ал 146 білім ұясында дабыл батырмасы бар. Бұл батырмалар Жедел басқару орталығына қосылған. Орталық мамандары хабарлама түскен бойда жауапты қызметкерлерге тапсырма береді.
Ботагөз Нәбішова, қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:
- Дабыл батырмасы басылғаннан кейін сол аумаққа бекітілгн полиция қызметкерлерін уақытылы жібереміз. Және жедел басқару орталығының бейнекамераларымен сол мектепті бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін сол бойынша жұмыс жасаймыз.
Тәртіп сақшылары үшін әр секунд маңызды. Арнайы бақылау жүргізген Полиция департаментінің бастығы қызметкерлерге қауіпсіздікті үнемі бақылап, кез келген жағдайға сақадай сай болуды тапсырды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов