Қостанай облысында ауызсумен қамту кестеден қалып келеді
Биыл Қостанай облысында ауызсумен қамту бойынша бірнеше жоба аяқталмай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Орталықтандырылған су жүйесін тарту 3 ауданда созылып кетті. Кейбір елді мекендерде құрылыстың басталғанына 3 жыл өтіп, әлі күнге су жеткен жоқ. Жұмыстың тұралау себептері негізінен ұқсас. Мердігерлер материалдың қымбаттап кеткенін, шығынды қайта есептеу ұзақ уақыт алатынын алға тартады. Одан кейін екі жақ соттасып, тағы біраз жүреді. Соның салдарынан 4 жоба келер жылға қалдырылды.
Әкімдіктің мәліметі бойынша, желтоқсан айына дейін өңірдегі 39 елді мекеннің бірқатары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Қалғандарына су тарату пунктері орнатылады.
Дәурен Асқаров, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Құрылыс-монтаж жұмыстары байқауының қорытындысы қайта қаралатындықтан және іс сотқа берілгендіктен, 2 жоба тоқтап тұр. Бұл Денисов ауданының Приречен, Окраин ауылдары және Қарабалық ауданындағы Лесной елді мекеніне қатысты. Мұның сыртында тағы 5 жоба бойынша түйінді мәселелер бар.