Елордада қар тазалайтын техника сақадай сай

Елорда көшелерінің тазалығын сақтайтын бірқатар компания қысқы маусымға сақадай сай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде қала жолдарының тең жартысына жауапты «Астана Тазалық» кәсіпорны да бар. Квазимемлекеттік мекеме қазірден бастап көктайғақтың алдын алу шараларына кірісіп кетті.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қоймада құм мен тұз жеткілікті. Барлығы жоспарға сай жүріп жатыр. Ешқандай тапшылық жоқ, - дейді мамандар. Мәселен, техникалық тұздың көлемі – 3 мың тонна. Ал тұз бен құм аралас мынадай дайын материалдың мөлшері 10 мың тоннаға жуықтайды.

Көктайғаққа қарсы реагент көлемі – 590 тонна. Квазимемлекеттік мекеме бас директорының орынбасары Ерлан Рысбековтың айтуынша, қысқы маусымға арналған 370 техниканың 92%-і дайын. Жанар-жағармай да жеткілікті.

Ерлан Рысбеков, «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Инертті материалдар 100% дайын. Күндіз жұмыс істеген кезде көлік кептелісін тудырмай ма? Астана тұрғындарының жұмысқа баратын және жұмыстан шығатын кездері ешқандай жұмыс жүргізбейміз.

Жауын-шашынды күндер әлі алда. Осыған байланысты қыс мезгілінде әдетте 540-тан астам арнайы техника жұмылдырылады.

Берік Орынбасар, арнайы техниканың жүргізушісі:

- Менің бұл машинада жұмыс істеп жатқаныма 4 жыл болды. Қазір бұл машина қысқы маусымға дайын. Алдыңғы резеңкелері аптасына 2 рет ауыстырылады.

Гүлжамал Тәменнің негізгі мамандығы – тігінші. Бірақ өмірінің 8 жылын бас шаһар көшелерін тазалау мен көгалдандыру жұмыстарына арнап келеді. Ол қала тұрғындары мен қонақтарын қоқысты жерге емес, арнайы жәшікке тастауға шақырды.

Гүлжамал Тәмен, «Астана Тазалық» ЖШС қызметкері:

- Мына қала тұрғындары көпшілік орындарда жүрген барлық адамнан тілейтінім, қоқысты тастамай, маңайын таза ұстау керек. Бір жерді тазалап жатсаң, басқа жерді шашып кетеді. Ондай жеңіл емес енді. Қай кезде де. Қар жауғанда тіптен ауырлап кетеді. Кейде үлгермей жатамыз.

Ал елордалықтардың коммуналдық қызмет сапасына көңілі тола ма?

Тұрғындар:

- Толады, толады. Көңілім толады.

- Әрине тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бірақ ойдағыдай деп айта алмаймын. Көңілім толмайды. 3 деген баға берер едім.

- Жазды күндері су шашып, бір сыпырып өтеді. Қыстың күні қарды тазалап өтеді. Таңертең жұмысқа барғанға шейін тазаланып тұрады.

Айта кеткен жөн, «Астана Тазалық» ЖШС қала көшелерінің 42%-іне жауапты. Қалған учаскелер мердігер мекемелерге тиесілі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, Серік Қоңырбаев.