«Вандализмге жол жоқ» экологиялық акциясы өтті

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Жетісу  облыстық және Шымкент қаласындағы филиалдары «Вандализмге жол жоқ» эко-акциясын өткізді.

Аталған шараға қатысқан жастар тарихи ескерткіштерді жуып, өзен-көлдердің жағалауын күл-қоқыстан тазартты. Айта кетейік, бұл шара еліміз бойынша Республика күнінде басталған болатын.

«Вандализмге жол жоқ» экологиялық акциясын талдықорғандық жастар «Қызыл тас» саяжайының аумағындағы Тасбақа тасын тазартудан бастады. Өйткені мұнда келушілер тас үстіне түрлі жазуларды жазып кеткен. Өкінішке орай соңғы кездері табиғат пен сакралды орындарды құрметтемеу туралы хабарламалар жиі пайда бола бастады. «Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік рухын қалыптастыру мақсатында осындай акцияларды ұдайы өткізіп тұру қажет», - дейді "Жастар Рухы" жастар қанатының Жетісу облысындағы мүшелері. Талдықорғанда өткен экологиялық акцияға 50 шақты адам қатысты.

Еркебұлан Ақболатов, "Жастар Рухы" жастар қанатының Жетісу облыстық филиалының төрағасы:

- Вандализмге жол бермеу бағытын қолға алып жатырмыз. Бүгін дәл осы вандализмге қарсы акциясын Талдықорған қаласының аумағындағы «Қызыл тас» саяжайының маңында орналасқан Тасбақа тасының үстінде жасап жатырмыз. Енді бұл құндылықтарды қорғауды біз жастарға үйретіп бастауымыз керек. Өйткені бұрынғы тарихымызды ертеңгі күнге жеткізетін осы жастар.

Шымкент

Шымкенттік жастар да вандализмге қарсы. Эко-белсенділер республикалық акция аясында үшінші рет жиналып, мыңға жуық азаматты қатарына қосты. Осы жоба арқылы жұртшылықты тазалыққа үндеп, ескерткіштер мен арихитектуралық композицияларды күтіп ұстауға шақырды. Олар бұл жолы Қошқар ата, Бадам өзендерінің жағалауын күл-қоқыстан тазартып, «Даңқ» мемориалын көздің қарашығындай қорғауға үлес қосты.

Лаура Бораш, "Жастар Рухы" жастар қанатының белсендісі:

- Қазір «Абай» саябағына келіп отырмыз. Мұндағы мына ескерткіштерді тазалау мақсатында жиналып отырмыз. Қазіргі кезде 200-ден астам жас осы жерде. Бұл акцияның мақсаты – қаламыздағы, өзіміздің осы Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштерімізді және табиғатымызды аялау болып табылады және де осы тарихи орындарымызды аялауды барша республика халқына үндеу.

Осы аптада Шымкент пен Талдықорған қаласындағы жастар тарихи ескерткіштердің тақтайшаларын жуып, айналасын арам шөптен тазартты. Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табады және еліміздегі барлық қалаларды қамтитын болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғализуллина