Арнайы операция: 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды
Қарасора өсіру орындарын анықтау үшін елде спутниктің мүмкіншіліктері кеңінен пайдаланылып жатыр.
Бүгінде Қазақстан Ғарыш сапары мекемесі, полицейлердің зерттеуіне 60 координат берген екен.
Жалпы тәртіп сақшылары маусым мен қазан айлары аралығында жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде 1 мың 333 қылмыс тіркеген. Оның 200-і есірткі затын сақтау, 311-і қарасора өсіру дерегі екен. Тағы 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалып, 6 жетекшісі мен 54 мүшесі жауапкершілікке тартылды. Жалпы операцияның қорытындысы бойынша 30,1 тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленген.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- БПЛА дейді, тікұшақтарды толығымен пайдаланып жатырмыз анықтауға. Тек Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Ұлытау облыстарының ұшу нәтижелері бойынша 20 есірткі плантациясы табылды, жалпы салмағы 2,7 тонна болатын құрамында есірткісі бар өсімдіктердің 55 мың бұтасы жойылды. Бұталардың биіктігі кейде 2-3, 4 метрге дейін жетеді күтуіне байланысты. Шиелі ауданындағы Ұлттық гвардия тікұшағында Қызылорда қаласынан 170 шақырым қашықтықта әуе барлауымен есірткі егісі табылды, онда салмағы 1,3 тонна 5,5 мыңнан астам қарасора бұталары жойылды. Түркістан облысының Сауран ауданында аумақты айналып өту нәтижесінде өсірілген қарасора плантациясы жойылды. Жалпы салмағы 974 келі болатын 45 мың бұта жойылды.