СҚО-да шекара бекетінің құрылысы қашан аяқталады?
Солтүстік Қазақстан облысында 12 бірдей шекара бекетінің құрылысы созылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Қауіпсіз ел» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әскери нысандар қараша айында тапсырылуы тиіс еді. Бірақ мердігерлер үлгермей жатыр. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бекет қашан дайын болады?
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аймақтарында 12 бірдей бекет салына бастады. Солардың бірі Долматово ауылының маңында орналасқан. Жоба бойынша бұл жерде шағын әскери қалашық бой көтеруі тиіс.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Есіл» шекара бекеті осы қараша айында тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Қазір қызметкерлер тұратын үй, асхана, казарма, қару-жарақ қоймасы, ат қора, монша секілді нысандар дайын. Инфроқұрылым да тартылған. Енді ішкі әрлеу жұмыстары мен абаттандыруы қалды.
Қазір мұнда небәрі 15 адам жұмыс істеп жатыр. Ал техникалар аумақ сыртында қаңтарылып тұр. «Жаңбырдан кейін жердің беті езіліп тұрып қалдық», - дейді мердігер компанияның өкілі. Яғни, құрылыстың кешігуін қолайсыз ауа райына жауып отыр.
Мәди Баймағамбетов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Жаңбыр жауса, енді техника өте алмайды. Жұмыс жұмысшыларға да ауыр. Жүре алмайсың мұнда. Не материалды ішке кіргізуге өте қиын. Енді осы бетон құюға «бетоносмеситель» мысалы кіре алмайды да, бетон жеткізуі болмайды.
Қалашықтардың құрылысына республикалық бюджеттен 34 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ біреуі де уақытында тапсырылмады. «Аралағаш» және «Қызылту» бекеттерінде жұмыс тоқтап тұр.
Сәкен Ормантаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаментінің басқарма бастығы:
- Қазір СҚО бойынша 2 шекара бекеті осылай белсенді салынып жатыр. Ал қалғандарын енді айта алмаймыз оны. Жоспар бойынша салынып жатқандар. Өйткені ақша да бөлінуі бюджетке қарасты болып тұр. Соңғы мерзім бойынша екінші тоқсан 2024 жылдың. Сосын екінші кезең ол 2024 жылдың тамыз айында.
Осылайша, құрылыс мерзімі кейінге шегерілді. Ал оған дейін елдің шетінде, желдің өтінде жүрген шекарашыларға бәз-баяғыша қызмет етуге тура келеді. Олар ауыл-ауылдарда біреудің үйін жалдап тұрады. Бекеті де сол.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.