Елде 5G байланысты енгізу жұмыстары жеделдей түседі

Нәтижесінде 2000 ауыл мектебі жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады.

Бүгін Үкіметте осы мәселе талқыланды. Жиында Премьер-министр республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында бұл жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажет», – деді. Биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп Спэйс-икс компаниясының Старлинк технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты ғаламторға қосылған.  Оның желідегі деректерді беру жылдамдығы секундына 200 мегабитке жетеді. Бүгінде Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылған.