Елде 13 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған
Елде қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шарасы өтіп жатыр.
Бүгін елордадағы емханалардың біріне денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің немересін әкеліп, індетке қарсы екпе салдырды.
Айта кету керек, иммундау науқаны қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Министрдің сөзінше, қазір республикада 13 мыңға жуық адам осы қызылшамен ауырып жатыр. Соның 83 пайызы балалар. Оның басым бөлігі 5 жасқа толмаған. 30 баланың хәлі тіпті, ауыр жағдайда екен. Сол себепті дәрігерлер екпе алу науқанына белсенді түрде қатысуға шақырады. Қазір елде 450 мың доза вакцина бар. Тағы 1 миллион алу жоспарда бар.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Көбіне ауырған адамдар – қандай да бір себептермен вакцина алмаған, иммунитеті жоқ адамдар. Қазіргі таңда бұл қызылша ауруының кең таралуы әсіресе, қыркүйек айынан басталды. Бұл аурудың қорқыныштылығы – кейбір адамдарға қатты асқынып әсер етеді. Әсіресе, ми қабатының асқынуы, энцефалит ауруы, өкпе қабынуы, бұл пневмония, сонымен қатар атит сияқты адамның көз ауруына, тіпті көрмей қалуына әкелуі мүмкін.