Петропавлда балаларға жаппай вакцина салынып жатыр

Қызылша ауруының жылдам таралып жатқанына алаңдаған солтүстікқазақстандықтар да балаларын емханаға әкелуге асық.

Аймақта вакцина салатын 91 арнайы бригада жасақталды. Яғни бұл жұмыстарға мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылған.

Елімізде қызылша жұқтырған науқастар саны күннен-күнге артып келеді. Аурудың дендегеніне алаңдаған ата-аналар емханаларға жаппай ағылуда.  Солардың бірі - Бағдат Жүсіпова. Ол алты айлық баласына вакцина салдыртқан.  

Бағдат Жүсіпова, қала тұрғыны:

- Қазір сырқаттанып қалғандар көп. Және вирус тез таралады. Ал аурудың алдын алудың бір ғана жолы - вакцинация. Біз балаларымыздың денсаулығына, өміріне жауаптымыз ғой. Сол себепті отбасымызбен ақылдасып, осындай ортақ шешімге келдік.

Вакцина әзірге алты және он бір айлық шақалақтарға салынып жатыр.  Өңірде мұндай екі жарым мыңға жуық бала бар. Иммундау жұмыстарына деп 91 бригада жасақталды. Яғни мыңнан астам медицина қызметкері арнайы оқудан өтті. 

Әсем Сайлаубекова, №3 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері:

- Ата-аналар жауапкершілікпен қарап жатыр, бұл іс –шараға. Күніне вакцинацияға 25-30 бала келіп жатыр. Негізгі келетін уақыттары төртпен алты арасында. Біздің емханада алты айлықтан он айлық балалардың саны -313. Оларды толықтай осы қараша айында вакциналаймыз.  

Былтыр облыста қызылша жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеді. Ал биыл 29 адам сырқаттанған. Дені екпе алмаған балалар. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасы қосымша вакцинаға тапсырыс беріп отыр.   

Нұржан Тағаниязов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 9 мың доза қызылшаға қарсы вакцинамыз бар. Алдағы уақытта үнемделген 93 миллион теңге ақшаға 30  650 доза тағы да сатып алынып жатыр. Ол жаңағы желтоқсан айында келеді. Медициналық ұйымдардың дайындықтары 100% дайынбыз. Халық кешеден бастап келуді бастады. Барлығы өздеріңіз көргендей вакина алып жатыр. 

Вакцинаның кезекті партиясы жетсе 2 және 5 жастағы балаларға салынады. Бұл ретте дәрігерлер халықты иммундау науқанына бей-жай қарамауды ескертеді. Себебі ауру асқынып кетсе, арты өлімге әкелуі де мүмкін. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов