Жамбыл облысында спорт мектебінің қызметкерлері мен мердігерлер сотталды
Жамбыл облысының Меркі ауданында мемлекет қаржысын жымқырған спорт мектебінің қызметкерлері мен мердігерлер сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар 2020 жылдан бері қазынаға қол салып келген. Яғни, мекеме директоры мен есепшісі келмеген тауар және атқарылмаған жұмыс үшін мердігерлерге ақша аударған. Ал кәсіпкерлер қаражаттың 10%-ін өдеріне алып, қалғанын мекеме директорына берген. Басшының бұл әрекетін одан кейінгі директор да жалғастырып, 16 миллион теңгені қалтаға басқан. Қаражатқа металл құрылғылар мен ақпараттық билбордтар дайындалып, компьютерлер жөнделуі тиіс еді. Бірақ мұның бәрі тек қағаз жүзінде іске асқан.
Ақберген Мүлкеманов, облыс прокуратурасының басқарма бастығы:
- Спорт мектебінің 3 лауазымды тұлғасы бюджет қаражатын жымқыруға кінәлі деп танылды. Оларға 3,5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны өтеу қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде айқындалды. Ал оларға көмектескен 4 мердігерге 2,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.