Алматыда Орталық Азия елдері ТЖМ басшыларының аймақтық кеңесі өтті

Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар қызметінің басшылары кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыда өткен бұл кеңеске 5 елдің құзыретті өкілдерімен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттіктерінің, донорлық, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері келген. Мұнда климаттық өзгерістер, ауа райының құбылмалы жағдайындағы іс-қимыл жайы талқыға түсті. Тараптар тәжірибе алмасты. 

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Гуманитарлық көмек және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуде жәрдемдесу, сондай-ақ тренингтер мен семинарлар өткізу сияқты түрлі мәселе қарастырылды. Форумға қатысушы елдердің төтенше жағдайларға ден қою тәжірибесі зерттеліп жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарымен күресудің тәсілдерін әзірлеу мақсатында ғылыми негіздерді дамыту жоспарланып отыр. Бұл тәжірибе біз үшін өте құнды.

Сергей Макаров, «Орталық Азиядағы климаттық қауіп-қатерді басқару» GIZ жобасының басшысы:

- Мемлекеттер арасында үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Әрине, ынтымақтастық өте маңызды, ал форум алаңын біз осы жұмысты үйлестіру механизмі ретінде қолдана аламыз. Әрбір елде ұлттық деңгейде қалыптасқан тәсілдер мен жүйелер бар. Дегенмен интеграция төтенше жағдайлар кезіндегі қиындықтарға тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.