«Хабар 24» арнасының тілшісі Қытайдан ақпарат жеткізіп отырады
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимге қатысты қос елдің үкіметаралық келісімі күшіне енді.
Бұл алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында тиімді қадам болмақ.
Бүгін шекарадан алғаш болып визасыз өткендердің бірі – біздің тілшіміз Руслан Бақытбекұлы Бейжіңнен сөйлеп тұр. Руслан да енді тілшілік қызметін сол жақта жалғастырып, сіз бен бізге Қытайдан ақпарат жеткізіп отырады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- 10 қараша. Бұл – Бейжіңнің халықаралық әуежайы. Міне, ұшақтан жаңа түскен бетім. Қазақстандық жолаушылар бақылау-өткізу пунктінен визасыз еркін өте бастады. Қолымда паспорт. Мен де өзімше тарихи сәтке қатысқаныма қуанып келем. Әрине, ережеге сәйкес бірқатар әдеттегідей тексеріс болады. Бұл – заңдылық. Бастысы, виза қажет емес. Оны ешкім талап етпейді. Өйткені бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптарды өзара босату туралы келісім күшіне енді.
Еске сала кетсек, екіжақты келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қытайға жасаған сапары кезінде қол қойылған болатын. Ортақ келісімге сай екі елдің азаматтары енді туризм, емдеу, халықаралық тасымалдау, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттар үшін визалық талаптардан босатылады. Шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Бұл екі елдің іскерлік байланыстарын ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор-елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 18 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі $24 млрд-қа жеткен. Сауда-экономикалық ынтымақтастық та артып отыр. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35%-ке артып, рекордтық $24,2 млрд-қа жетті. Биыл бұл көрсеткішті 40 млрд долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қазақстан мен Қытай достық, тату көрші және стратегиялық серіктестікті нығайтуға ерекше мән береді.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Айта кету керек, 7 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында апостиль рәсімі енгізілді. Биыл наурызда Қытай Халық Республикасы 1961 жылы Гаагада жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын Конвенцияға қосылған болатын. Сол құжат күшіне енді. Бұдан былай Қытайдың Қазақстанда пайдалану үшін беретін ресми құжаттары консулдық заңдастыру рәсімінен өтпейді. Оның орнына қосымша сертификаттар беріледі. Бұл уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мол мүмкіндік беріп отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ал визасыз режимнің күшіне енуі ынтымақтастықты қуаттап, арттыра түседі. Бұл қадамның туризмді дамытуға айтарлықтай әсері болады. Әсіресе алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті. Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Бұл – үлкен мүмкіндік. Келісім туризм ғана емес, сауда-саттық, жалпы кәсіпкерлік саласына да серпін берері анық. Сонымен қатар азаматтарымыздың шағын өндірістерді меңгеріп, тәжірие алмасуға бағытталып отырған маңызды қадам.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.