Астанада «Тоқта, вандал!» акциясы өтті
«Тоқта, вандал!» Астанада осындай атаумен акция өтіп, қоғамдық орындарға рейд жүргізілді.
Өйткені бұзақылар аялдама, көше шамдары секілді инфрақұрылым нысандарын бүлдірген. Кейінгі 10 айда Астанада осындай 120 әрекет болған. Рейдке тәртіп сақшыларымен қатар, қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар мен волонтерлер қатысты.
Вандализмге жол бергендер жазасыз қалмайды. Себебі, енді мұндай тәртіпсіздікті анықтауға бағытталған шаралар жиі өткізілмек. Бұл жолғы акция да қала мүлкін қорғау, қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Демек, 200 АЕК-дейін айыппұл салынады.
Ділшат Қойшыбаев, Сарыарқа аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы:
- Соңғы 10 ай ішінде Астана бойынша 120 факт тіркелді. Полиция қызметкерлері анықтап тиісті шаралар қолданды. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, әкімшілік хаттама толтырып, әкімшілік сотқа жібереді.
«Тоқта, вандал!» шарасына спортшылар мен волонтерлер де ат салысты. Белсенділер осы акция арқылы жұртшылықты тазалыққа үндеп, қаламызды күтіп ұстауға шақырды. Шаһардың сиқын қашырмауға кез келген азамат қолұшын бере алады, дейді.
Айтым Жақыпов, спортшы, әлеуметтік қайраткер:
- Біз вандализмге қарсымыз. Сондықтан осындай рейдтерге жиі қатысып тұрамыз. Біздің мақсатымыз тәртіпсіздік жасағандармен әңгімелесіп, тәрбие жұмысын жүргіземіз. Спортпен айналысуға шақырамыз. Әсем Астанамызды бүлдірмеуге шақырамыз.
Астаналық белсенділер бұл бағытта жұмысты тоқтатпаймыз, дейді. Яғни, вандализммен күрес жалғасады. Олар әр адам туған қалаға құрметпен қарау қажеттігін айтады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев