ШҚО-ның ғалымдары Ертіс өзенінің онлайн-картасын әзірлеп жатыр

Ал зерттеушілер мен техникалық мамандар трансшекаралық су айдынының жағдайы мен биологиялық құрамын бақылайтын компьютерлік бағдарлама жасауға кірісті.

Осылайша ғалымдар сараптама арқылы өзеннің техногендік ластануына қатысты жаңа деректерді тіркейді. Ертістің тайыздануы мен көршілес елдердің экономикасына әсер ететін факторларға көңіл бөлінеді.

Техника ғылымдарының докторы Валентина Колпакова Ертіс суын зерттеумен айналысады. Онлайн-карта әзірлеу үшін өзен арнасының 17 жерінен сынама алып, ауқымды  тексеріс  жүргізбек. Мақсат - судың биологиялық құрамын анықтау.

Ғалымдардың есебінше, алдағы 20 жылда әлемде су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін. Оның алдын алу  үшін биологтар қазірдің өзінде ғылыми зерттеулерді бастап кетті.

Валентина Колпакова, техника ғылымдарының докторы:

- Өзен суының өзгеруіне өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылық кәсіпорындары әсер етеді. Яғни, ластайды. Ертістің жағдайына климаттық факторлар да кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, су температурасы қалыпты жағдайда болмаса, бұл судағы микроағзалардың тіршілігіне нұқсан келтіреді.

Бүгінде су айдынының бассейні цинк пен мыс өндірісінен ластанып жатыр. Зиянды заттар металлургиялық қалдықтар жиналған аумаққа жақын жатқан Глубочанка, Брекс және Красноярка сияқты шағын өзендер арқылы Ертістің негізгі саласына жетеді. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары өзен бойында ірі кен орындары орналасқан. Десе де, бұл жалғыз мәселе емес. Ғалымдарды адами фактордың әсері де алаңдатып отыр.

Борис Щербаков, профессор:

- Өзен жайылымындағы ағаштар оталып жатыр. Бұл флора мен фаунаның тірлігіне әсер ететіні сөзсіз. Өзім сан рет зерттеу жүргіздім. Аң аулау маусымы басталмас бұрын ғылыми әдістеме арқылы суда тіршілік ететін құстарды санадым. Сол кезде 250-300 мың құс болатын.

Бұл – 1981 жылы жасалған сараптама. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Бүгінде жайылымдағы қанаттылардың популяциясы жүз мыңға дейін кеміген.   Бұған су қоры деңгейінің төмендеуі де сеп.  Биыл өзен жайылымының 40%-ына ғана су босатылған. Осындай көрсеткіш соңғы рет 11 жыл бұрын тіркелген.

Павлодар

Павлодарлық Иван Раделюк жаңа су кодексін әзірлеп жатқан жұмыс тобының құрамында. Жас ғалымның айтуынша, Ертіс суының ластану деңгейі тұрақсыз. Өзеннің түбінде зиянды қалдықтар жиналып қалмау үшін жер қойнауын пайдаланушылар, яғни, өнеркәсіп ошақтарының жауапкершілігін арттыру керек.  Ол үшін қатаң заң керек. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарының ауқымы кеңеюі шарт.

Иван Раделюк, ғалым:

- Біріншіден, монитоирнг жүргізуге арналған сынама алу орындарын көбейту керек. Екіншіден, тексеру жиі жүргізілу қажет. Үшіншіден, сараптама белгілі бір тастағыш заттарға қатысты биологиялық мониторингті  күшейту керек.

Мамандардың айтуынша,  өзеннің жағдайын Қазақстан ғана емес, шекаралас елдер де жіті бақылап, Ертістің биосаналуандылығын сақтауға бағытталған халықаралық жобаларды жүзеге асыру керек. Сонда ғана, төрт мың шақырымға созылған өзеннің экологиялық ахуалы тұрақты болмақ. Бұл – Қытай, Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық маңызға ие ортақ мәселе.

Авторлары: Вячеслав Ветлугин, Акмарал Есімханова, Марат Игіліков және Дмитрий Пыхтин