Қазақстан студенттері қос диплом алады

Қазақстандық жастарға бір уақытта отандық және америкалық жоғары білім дипломын алу мүмкіндігі туды.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің делегациясы АҚШ-тың Тусон қаласында Аризона университетімен халықаралық бағдарламалардың мәртебесін бекіту туралы келісімге қол қойды. Өзара уағдаластыққа сай, студенттер Аризона университетінің қазақстандық филиалында үш жарым жыл білім алса, соңғы жарты жылды АҚШ-та оқиды. Оқу таза ағылшын тілінде болғандықтан америкалық профессорлар да Қазақстанға келіп дәріс береді. Естеріңізге сала кетейік, президенттің тапсырмасына сай АҚШ-тың жоғары оқу орынының филиалы Манаш Қозыбаев университетінің базасында былтыр ашылған болатын. Биыл осы бірлескен халықаралық білім беру жобасы асында 500-ге жуық студентке грант беріліп, оқуға қабылданды. Олар үш бағыт: биологиялық ғылымдар, ақпараттық технологиялар және инклюзивті білім беру мамандықтары бойынша білім алып жатыр.

Рената Апергенова, М. Қозыбаев атындағы СҚУ ректорының міндетін атқарушы:

- Осылайша төрт жыл ішінде олар екі диплом алып шығады. Біздің және Аризона университетінің диплломын алады. Аризона университетінің дипломы АҚШ барып, сол университеттің қабырғасында төрт жыл оқып шыққанмен бірдей мойындалады. Яғни, америкалық әріптестерімізбен екі оқу орының білім беру бағдарламаларын мейінше жетілдіріп, жақындатудың арқасында осындай мүмкіндік туып отыр.