Елордада өткен «Алтын домбыра» айтысының жеңімпаздары анықталды
Елордада екі күнге созылған «Алтын домбыра» аламан айтысының жеңімпаздары анықталды.
Еңбек адамдарына арналған додада,, елімізге белгілі ақындар 8 жұпқа бөлініп, сөз сайыстырды. Нәтижесінде үшінші орынды екі ақын: ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті. Екінші орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. Бірінші орынды қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Ал Бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов жеңіп алды. «AMANAT» партиясы,, еңбек адамдарының Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеуге қосқан үлесін бұл жолғы айтыстың тақырыбына арқау етті.
Дәулет Кәрібек, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы:
- Есілдің жағасында 2 күн бойы өте тамаша айтыс болды, ерке айтыс болды, есер айтыс болды. Осы күндер бойы айтыс еңбектің айналасында болды. Өздеріңіз білесіздер Мемлекет басшысы да еңбек адамының рөлі туралы айтты. 16 біздің хас ақындарымыз айтыстың өте жақсы үлгісін көрсете білді. Шындықты да, мәселені де айтты, береке бірлікті де айтты.
Әсия Беркенова, Қазақстанның халық ақыны, қазылар алқасының төрағасы:
- Қазақта сөз бар «Үндемесем өзіме өзім төре, сөйлеп кетсем өзіме сөзім төре», дейді. Сол сөзге бағаны жалғыз біз ғана емес, бүгін ел болып беріп, көңілдеріңізден шығатындай бағалағанымызға. Күміс көмейінен жақұттай жыр төккен ақындардың сөзін қолдап бүгінгі күнді арнағандарыңыз – ата өнерге, ұлық өнерге сіздердің құрметтеріңіз деп білемін.